Әдеп жөніндегі кеңес: сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғам сенімі

Сурет: жеке мұрағатынан

Қазіргі қоғам мемлекеттік қызметшілерден кәсіби біліктілікпен қатар жоғары моральдық жауапкершілікті, адалдықты және мінсіз мінез-құлықты талап етеді. Өйткені мемлекеттік қызметші – мемлекет пен азаматтың арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз ететін тұлға. Оның әрбір сөзі мен әрекеті мемлекеттік қызметтің беделіне, ең бастысы, халықтың мемлекеттік органдарға деген сеніміне әсер етеді.

Осы ретте мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауына ерекше мән беріледі. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің атқаратын рөлі айрықша.

Мен осы кеңестің мүшесі ретінде оның жұмыс барысына тоқталып, мемлекеттік қызметтегі әдеп мәдениетінің маңызы туралы ой бөліскім келеді.

Негізгі мақсат – жазалау емес, алдын алу

Әдеп жөніндегі кеңес – мемлекеттік қызметшілердің тәртібін ғана бақылайтын құрылым емес. Бұл – мемлекеттік қызметтегі әдеп қағидаттарын нығайтуға, қызметтік тәртіпті сақтауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған алқалы орган.

Кеңестің басты мақсаты – мемлекеттік қызметшіні жазалау емес, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың себептері мен жағдайларын анықтау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу.

Кеңес отырыстарында мемлекеттік органдарда анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелері қаралып, Әдеп жөніндегі уәкілдер мен тәртіптік комиссиялардың жұмысына баға беріледі. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарының сақталуына байланысты мәселелер зерделенеді. Қажет болған жағдайда мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзуына қатысты тәртіптік істер де қаралады.

Кеңес мүшелері мемлекеттік органдардың басшыларын тыңдап, қажетті құжаттар мен материалдарды сұрата алады, тиісті түсініктемелерді қарайды.

Алайда кез келген мәселені қарау барысында ең алдымен жан-жақты әрі объективті талдау қажет. Өйткені әрбір тәртіптік теріс қылықтың артында нақты адам, нақты жағдай және нақты себеп бар. Сондықтан мәселені тек «кім кінәлі?» деген сұрақпен шектеу жеткіліксіз. «Бұл жағдай не себепті орын алды және оны болашақта қалай болдырмауға болады?» деген сауалдарға да жауап іздеу маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда, Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі күші – жазалауда емес, жан-жақты талдауда, объективті бағалауда және алдын алу сипатындағы ұсынымдарда.

Ашықтық пен қоғамдық бақылау

Кеңес құрамының да өзіндік ерекшелігі бар. Оның жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер және басқа да азаматтық қоғам мүшелері қатысады.

Бұл – кеңес қызметінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ететін маңызды фактор. Әртүрлі сала өкілдерінің болуы мәселелерге жан-жақты қарауға, мемлекеттік қызметтегі түйткілдерге қоғамның көзқарасын ескеруге мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы Әдеп жөніндегі кеңестің жеті отырысы өткізіліп, онда профилактикалық мәселелер мен тәртіптік істер қаралды.

Әдеп – қызмет уақытынан тыс та маңызды

Күнделікті тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызметтегі әдеп мәселесі тек жұмыс орнындағы қарым-қатынаспен шектелмейді. Мемлекеттік қызметші қызметтен тыс уақытта да өзінің мәртебесіне сай мінез-құлық танытуы қажет.

Себебі азамат мемлекеттік қызметшінің жеке әрекетін оның қызмет атқаратын мемлекеттік органынан бөлек қарамауы мүмкін. Кейде бір ғана дөрекі сөз, азаматқа немқұрайлы қарау, әлеуметтік желідегі орынсыз пікір немесе қызметтік жағдайды жеке мақсатта пайдалануға ұмтылу мемлекеттік қызметшінің ғана емес, тұтас мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіруі ықтимал.

Сондықтан мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті жауапкершілікті талап етеді.

Бұл ретте Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметі де ерекше маңызға ие. Олар мемлекеттік қызметшілерге әдеп талаптарын түсіндірумен қатар, қызметтік қарым-қатынаста туындайтын мәселелердің алдын алуға, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға және мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері жөнінде кеңес беруге ықпал етеді.

Халық сенімі – басты өлшем

Біздің қоғамда мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптың жоғары болуы заңды. Өйткені халықтың мемлекетке деген сенімі көбіне мемлекеттік органда жұмыс істейтін адамның азаматтармен қарым-қатынасынан қалыптасады.

Мен үшін Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі болу – үлкен жауапкершілік. Әрбір қаралған мәселе, әрбір айтылған ұсыныс пен қабылданған шешімнің артында мемлекеттік қызметтің беделі мен азаматтардың сенімі тұр. Сондықтан кеңес мүшелері ретінде кез келген мәселені формалды түрде қарауға жол бермеу – басты ұстанымдарымыздың бірі.

Мемлекеттік қызметші үшін қызметтік әдеп – міндетті талап қана емес, халық алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Ал Әдеп жөніндегі кеңестің міндеті – осы мәдениетті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және мемлекеттік қызметте адалдық пен әділдік қағидаттарының орнығуына ықпал ету.

Мемлекеттік қызметтің беделі – ең алдымен оны атқаратын адамдардың ісі мен мінез-құлқынан қалыптасады. Ал сол беделдің берік болуы халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтуға қызмет етеді.

 

Р. Танишпеков,
Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі,
Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің тұрақты комиссиясының төрағасы