Қазандықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, сумен жабдықтау және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында Eurasian Resources Group (ERG) 350 млн теңгеден астам қаржы бағыттайды. Компания мен Қарағанды облысының әкімдігі әлеуметтік жобалар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаласты. Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен ERG-нің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев қол қойды.
Қаражаттың негізгі бөлігі Шұбаркөлдің коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. ERG жергілікті қазандыққа көмір мен электр энергиясын сатып алуды, қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу, нысанды тасымалдау және күтіп-ұстау шығындарын өз мойнына алады. Сонымен қатар компания кәріздік сорғы станциясы мен ауылішілік су құбыры желілерін күтіп-ұстауды жалғастырады.
Нұра ауданының тұрғындарына да жеке көмек көрсетіледі. Аз қамтылған отбасыларға 500 тонна көмір беріледі.
— Әлеуметтік жобалар халыққа нақты пайда әкеліп, біз жұмыс істейтін аумақтардың нақты мәселелерін шешкені біз үшін маңызды, - деді Кудрәт Шамиев.
Бұл компанияның әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы алғашқы жобасы емес. 2025 жылы «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның 40 жылдығына орай ERG Шұбаркөлде заманауи балалар және спорт алаңдарын салды.
Дереккөз: Gov.kz