Мұғалімдерге оқу сағатын бөлу жүйесі цифрландырылып, бұл процеске жасанды интеллект енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа жүйе шешім қабылдаудағы адами факторды азайтып, мұғалімдер арасындағы оқу жүктемесін әділ әрі ашық бөлуге мүмкіндік береді.
Цифрлық платформа республика бойынша оқушылар санын, олардың сыныптарға бөлінуін, өңірлердегі сынып санын және әр пән бойынша оқу жүктемесін автоматты түрде есепке алады.
Осы деректер негізінде әр мектептегі жалпы оқу сағаты анықталып, мұғалімдердің орташа жүктемесі есептелмек.
Сонымен қатар жаңа жүйеде педагогтердің біліктілігі, еңбек тәжірибесі мен санаты да назарға алынады.
Министрдің сөзінше, бұл бастаманың нақты тетігі алдағы бір жыл ішінде айқындалады.
Яғни, болашақта сабақ сағатын бөлу мәселесінде жеке шешім мен таныстық емес, нақты деректер мен цифрлық жүйе басты рөл атқармақ.
Енді мұғалімдер сабақ сағатын алу үшін мектеп директорына жалтақтамайтын болады
Сурет: видеодан скрин