МӘМС арқылы оңалту: белсенді өмірге бастар жол

Сурет: МӘМС

Жарақаттар мен күрделі оталардан кейін сауығу жолы стационардан шыққан соң аяқталмайды. Емделудің маңызды кезеңдерінің бірі — қимыл-қозғалысты қалпына келтіруге, өз бетінше өмір сүру қабілетін арттыруға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін медициналық оңалту. Дәл осындай көмек Қарағанды қаласындағы «Аламед» клиникасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында пациенттерге тегін көрсетіледі. Орталық пациенттерінің бірі — Алтын Бахытовна Аркинова. Ол мұнда оңалтудың үшінші курсынан өтіп жатыр. Пациент орталыққа сол жақ балтырдың сыртқы тобығының ығысумен болған жабық сынығы диагнозымен түскен. 2025 жылғы 1 желтоқсанда жасалған металлостеосинтез операциясынан кейін оған ұзақ уақыт бойы қалпына келу қажет болды. Оңалтуға түскен кезде пациент аяқтың айқын ісінуіне, қозғалыстың шектелуіне, тізе және тобық буындарындағы ауырсынуға шағымданған. Ол балдаққа сүйеніп жүрген. Мамандар пациент үшін физиотерапия, емдік дене шынықтыру, механотерапия және емдік массажды қамтитын жеке оңалту бағдарламасын әзірледі. Клиниканың бас дәрігері әрі дәрігер-реабилитолог Асем Мусулманбекованың айтуынша, жарақаттан кейін толыққанды оңалтусыз сәтті қалпына келу мүмкін емес. «Көптеген пациенттер отадан кейін емдеу аяқталды деп ойлайды. Шын мәнінде, дәл оңалту адамның күнделікті белсенділігін қалпына келтіруге, аяқ-қолдардың қызметін жақсартуға, ауырсыну синдромын азайтуға және асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Әр пациентке диагнозын, жасын және жалпы денсаулық жағдайын ескере отырып, жеке қалпына келтіру бағдарламасын құрамыз. Біздің мақсатымыз — адамның мүмкіндігінше тезірек толыққанды өмірге оралуына көмектесу», — дейді маман. Маманның айтуынша, алғашқы оңалту курстарынан кейін-ақ пациенттер өздерінің жалпы жағдайы мен қозғалыс белсенділігінің айтарлықтай жақсарғанын байқайды. Алтын Бахытовнаның өзі кешенді емнің арқасында алғашқы курстан кейін-ақ нақты өзгерістерді сезінгенін айтады. «Маған міндетті түрде оңалтудан өту қажет болды. Бірінші оңалтудан кейін-ақ айырмашылықты сезіндім — жүру жеңілдеді, ауырсыну азайды, қозғалысым жақсарды. Қазір бұл менің үшінші курсым. Дәрігерлерге мұқият қарым-қатынасы, қолдауы және кәсібилігі үшін өте ризамын. Барлық процедураларды МӘМС бойынша тегін алып жатырмын. Мұнда заманауи құрал-жабдықтар және білікті мамандар бар. Емге өте ризамын», — дейді пациент. 2025–2026 жылдар аралығында орталықта 800-ден астам пациент қалпына келтіру емінен өтті. Олардың қатарында тірек-қимыл аппаратына байланысты жарақаттар мен оталардаен кейінгі пациенттер, нейрохирургиялық оталардан өткендер, сондай-ақ жеңіл және орташа дәрежедегі инсульт алған адамдар бар. Кешенді оңалту бағдарламасы қозғалыс функцияларын қалпына келтіруге, ауырсыну синдромын азайтуға, физикалық белсенділікті арттыруға және пациенттердің қалыпты өмір салтына оралуына көмектеседі. Бас дәрігердің айтуынша, көптеген қазақстандықтар өздерінің тегін медициналық оңалту алуға құқығы бар екенін білмейді. «Егер пациент жарақат алса, оталардан немесе инсульттен кейін қалпына келтіру еміне мұқтаж болса, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда МӘМС аясында оңалтудан тегін өте алады. Ол үшін өзінің учаскелік дәрігеріне жүгінуі қажет. Дәрігер пациенттің жағдайын бағалап, қажет болған жағдайда оны медициналық оңалту курсына жібереді», — деп атап өтті Асем Мусулманбекова. Бүгінде медициналық оңалту заманауи емдеудің маңызды кезеңдерінің біріне айналып отыр. Ол адамдарға денсаулығын қалпына келтіріп қана қоймай, өз күшіне деген сенімін қайта табуға мүмкіндік береді. МӘМС жүйесінің арқасында мұндай көмек мыңдаған қазақстандық үшін қолжетімді болып, сапалы оңалтудан қаржылық шығынсыз өтуге мүмкіндік беріп отыр.

Қарағанды облысы бойынша медициналық сақтандыру Қоры филиалының баспасөз қызметі