«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: Қарағанды жастары Президент ойларынан не түйді?

Сурет: Әлібек Әлденейдің Facebook парақшасынан

Қарағандыда өңірдің ғылым, білім, мәдениет, медиа және қоғамдық салада белсенді жүрген жастары бас қосып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы төңірегінде пікір алмасты.

Кездесуде Мемлекет басшысының айтқан ой-пікірлерінің бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан реформалармен сабақтастығы сараланды. Жастар әділетті қоғам құру, азаматтық жауапкершілік, білім мен ғылымның маңызы, ұлттық құндылықтар және ақпарат кеңістігіндегі шыншылдық мәселелерін талқылады.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің айтуынша, жинақтағы ой-тұжырымдар Мемлекет басшысының ұстанымындағы бірізділікті аңғартады.

Оның сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен ғасырдың 90-жылдарында айтқан бірқатар ойлары бүгінде ел дамуындағы нақты реформалармен үндесіп отыр. Мәселен, 1995 жылы «Парасат» журналына берген сұхбатында айтылған «Кез келген проблеманың шешімі – адамдарда» деген тұжырым бүгінгі адам капиталына басымдық беретін мемлекеттік саясатпен сабақтас. Ал «Әділет жолы – ауыр жол, бірақ ауыр болса да, одан тура жол жоқ» деген пікірі бүгінде жүргізіліп жатқан реформалардың басты қағидаттарының біріне айналды.

Э

— Уақыт өте келе ой тереңдеп, ауқымы кеңейеді. Бірақ негізгі ұстаным өзгермейді. Жинақтағы ой орамдарына зер салсақ, айтылған сөздің уақыт сынынан сүрінбей өткенін аңғаруға болады. Ой – ұстанымға, ұстаным – саясатқа, ал саясат нақты іске ұласқан, — деді Әлібек Әлденей.

Кездесуде әдебиеттің қоғамдық санаға ықпалы, тарихтан тағылым алу, ел бірлігін сақтаудағы ортақ құндылықтар, Конституция мен азаматтық жауапкершілік, ғылым мен білімнің ел дамуындағы орны кеңінен сөз болды.

Сондай-ақ қазақ тілін жаңа білім мен технологияның тіліне айналдыру, жасанды интеллектіні қоғам игілігіне пайдалану, жастардың білімі мен еңбегі, азаматтық ұстанымы және ақпарат кеңістігіндегі шыншылдық мәселелері де талқыланды.

Жиынға қатысушылар әділетті қоғам құру жауапкершілігін тек мемлекетке жүктеуге болмайтынын атап өтті. Адал еңбек, сапалы білім, кәсіби білік, азаматтық жауапкершілік пен елге деген жанашырлық әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналғанда ғана қоғамның өзгеретіні айтылды.

Бір сөзбен айтқанда, қарағандылық жастар өздері өмір сүргісі келетін әділетті қоғам туралы ой бөлісті.

Кездесу соңында озық ойлы жастар мен оқырмандарға арналған жаңа кітапхана ашылды. Жаңа орталық тек кітап оқитын орын ғана емес, қарағандылықтардың еркін пікір алмасып, идеяларымен бөлісетін заманауи коворкинг алаңы ретінде де қызмет атқармақ.