Алматыда Батима Заурбекованың мерейтойлық көрмесі өтеді

Сурет:

25 қыркүйекте Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде белгілі қазақстандық суретші Батима Заурбекованың 80 жылдығына арналған «Мұра жіптері» атты ретроспективті жеке көрмесі ашылады.

Батима Заурбекова – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және «Отан» орденінің иегері. Ол Қазақстандағы «гобелен дәуірінің» бастауында тұрған өнер қайраткерлерінің бірі әрі отандық сәндік-қолданбалы өнердің дамуына зор үлес қосқан тұлға.

Көрмеде суретшінің 80-нен астам туындысы – гобелендері, кескіндеме және графикалық жұмыстары ұсынылады. Сонымен қатар, келушілер суретшінің шығармашылық жолынан сыр шертетін эскиздермен, мұрағаттық фотосуреттермен және бейнематериалдармен таныса алады.

Батима Заурбекованың шығармаларында ұлттық мәдениетке, тарихқа, табиғатқа, отбасыға, ана мен бала тақырыбына және ұрпақтар сабақтастығына ерекше мән беріледі.

Көрмедегі айтулы туындылардың қатарында «Кеңістік» (1976), «Ана-Жер» (1984) және «Ана болу» (2004) гобелендері бар.

Көрме 2026 жылдың 8 қарашасына дейін жалғасады.

Жұмыс уақыты: 10:00-ден 18:00-ге дейін.
Демалыс күні – дүйсенбі.