Қарағанды облысындағы МӘМС: қаржыландыру, медициналық көмектің сапасы және жаңа цифрлық құралдар

Сурет: МӘМС

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша медициналық сақтандыру жүйесінің іске асырылуы, негізгі нәтижелер мен жыл соңына дейінгі жоспарлар туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Асет Утельбаев айтып берді.

— Асет Утельбаев, негізгі көрсеткіш — қаржыландырудан бастасақ. 2026 жылы Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласына қанша қаражат қарастырылған?
— 2026 жылға Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласына Қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын нақтыланған бюджет 182,6 млрд теңгені құрады. 2026 жылдың басымен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 12,2 млрд теңгеге артты. Қан және оның компоненттерін өндіруге жұмсалатын шығыстарды қоспағанда, медициналық көмектің барлық дерлік нысандары мен түрлері бойынша байқалады. Бұл жүйенің халықтың медициналық көмекке деген нақты қажеттілігіне қарай бейімделуін жалғастырып отырғанын көрсетеді. Біздің міндетіміз — бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын және медициналық ұйымдардың уақтылы қаржыландырылуын қамтамасыз ету.

— Қазіргі таңда медициналық ұйымдарға төлем жасау қалай жүргізілуде?
— 2026 жылғы 27 тамыздағы жағдай бойынша облыстың медициналық ұйымдарына 72,6 млрд теңге төленді. Биыл денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмектің жекелеген міндеттемелерін пакеттер арасында қайта бөлуге және бұл өзгерістерді Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінде іске асыруға байланысты елеулі өзгерістер орын алуда. Жекелеген кезеңдерде бұл есептеулерді дұрыс жүргізу және медициналық ұйымдарға төлем жасауды қамтамасыз ету үшін қосымша уақытты талап етті. Қазіргі уақытта қаржыландыру жұмыстары белгіленген тәртіппен жүргізілуде.

— Неліктен бүгінде пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметтерінің рөлі артып келеді?
— Бұл — өте маңызды бағыт. Бүгінде пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі бірден бірнеше маңызды функцияны атқарады: емдеу-диагностикалық процесті талдау, пациенттердің өтініштерімен «осы жерде және қазір» қағидаты бойынша жұмыс істеу, сондай-ақ медициналық инциденттерді тексеруге қатысу.
Медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың бірыңғай жүйесінде (МСҚБЖ) автоматты түрде қалыптастырылатын ақауларды анықтау алгоритмі өзгерді. Егер медициналық ұйым белгіленген мерзімде негізделген қарсылық жолдамаса, ақау расталған болып есептеледі және тиісті шаралар қолданылады. Сондықтан көп нәрсе медициналық ұйымның өзінде сараптамалық жұмыстың қаншалықты тиімді ұйымдастырылғанына байланысты.
Мұндай қызмет қаншалықты тиімді жұмыс істесе, медициналық ұйымның өзінде де проблемалар соғұрлым аз болады. Негізді шағымдардың саны азаяды, бұзушылықтар төмендейді, соған сәйкес қаржылық шығындар да қысқарады. Сондықтан пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметінің мықты болуы — тек медициналық көмектің сапасына ғана емес, медициналық ұйымның қаржылық тұрақтылығына да қатысты мәселе.

— Халықты МӘМС жүйесімен қамту қалай өзгеруде және сақтандырылған мәртебесін беру тәртібіндегі өзгерістер қандай нәтиже беруде?
— Оң динамика байқалады. 2026 жылдың жеті айында Қарағанды облысындағы МӘМС жүйесіне төлеушілерден түскен жарналар көлемі 38,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 231,8 млн теңгеге артық. Сонымен қатар сақтандырылмаған азаматтардың саны жыл басындағы 173 мың адамнан 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 131 мың адамға дейін азайды.
Қаңтар айынан бастап әлеуметтік әл-ауқаттың «шұғыл» және «дағдарысты» санаттарына жататын, жарналары жергілікті бюджет есебінен төленетін азаматтарға сақтандырылған мәртебесі автоматты түрде беріле бастады. Жыл басынан бері осы санаттағы 38 мыңнан астам азаматқа сақтандырылған мәртебесі беріліп, олар МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық көмек алу құқығына ие болды.

— Денсаулық сақтау жүйесінің халықпен өзара іс-қимылының сапасын көрсететін көрсеткіштердің бірі — шағымдар саны. Статистика нені көрсетеді?
— 2026 жылғы 27 тамыздағы жағдай бойынша филиалға азаматтардан 635 өтініш түсті. Оның ішінде 297 шағымды пациенттердің өздері кері қайтарып алған, ал Қор филиалы 338 өтінішті қарады.
2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, ол кезде филиал 612 шағымды қараған, жалпы келіп түскен өтініштер саны 44,8%-ға азайды. Бұл пациенттер мен медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың жақсарғанын, сондай-ақ халықтың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу тәртібі туралы хабардарлығының артқанын көрсетуі мүмкін.
Сонымен қатар медициналық ұйымдарға пациенттермен жұмысты жалғастыру қажет. Атап айтқанда, клиникалық процестерге ішкі бақылауды, пациенттерді уақтылы маршрутизациялауды және медициналық көмек көрсетуден бас тартудың негізділігін бақылауды күшейту, call-орталықтар мен тіркеу бөлімдері қызметкерлерінің құзыретін арттыру, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру маңызды.

— Қарағанды облысында Qalqan цифрлық платформасын енгізу қазір қай кезеңде және ол пациенттер мен медициналық ұйымдар үшін нені өзгертеді?
— Qalqan платформасы МӘМС жүйесін барынша ашық етуге және бұзушылықтарды кейін анықтаудан олардың алдын алуға көшуге мүмкіндік береді. Платформа автоматты бақылауды, күмәнді белсенділікті анықтауды және QR-код арқылы көрсетілген медициналық қызметті пациенттің растауын қарастырады.
Қарағанды облысында пилоттық жобаға 17 медициналық ұйым қатысып отыр. Сонымен қатар медициналық ұйымдардың өндірістік базаларын цифрландыру жұмыстары жалғасуда.
Пациент үшін басты артықшылығы — көрсетілген медициналық қызметтерді көру және қызметтің іс жүзінде көрсетілмеген жағдайлары туралы жедел хабарлау мүмкіндігі.

— 2026 жылдың соңына дейінгі негізгі міндеттер туралы айтатын болсақ, қандай бағыттарды атап өтер едіңіз?
— Ең алдымен, облыстың медициналық ұйымдарын уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етіп, қаражаттың тиімді әрі мақсатты пайдаланылуын жалғастыру қажет.
Екінші маңызды бағыт — медициналық ұйымдардың қаржылық тәртібі. Кредиторлық берешекті, әсіресе мерзімі өткен берешекті азайтып, шығыстарды негізді жоспарлауды қамтамасыз ету қажет.
Үшінші бағыт — медициналық көмектің сапасын арттыру. Мұнда ақаулардың алдын алу, ішкі сараптаманы күшейту және пациенттерді қолдау қызметтерінің тиімді жұмыс істеуі маңызды.
Төртіншіден, сақтандырылмаған азаматтардың санын одан әрі азайтып, халықты МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейту қажет.
Әрине, басты міндеттердің бірі — цифрлық құралдарды, ең алдымен Qalqan платформасын толыққанды енгізу.
Жалпы алғанда, біздің мақсатымыз өзгеріссіз қалады: халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, қаржыландырудың ашықтығын арттыру және МӘМС жүйесін пациенттер мен медициналық ұйымдар үшін барынша тиімді әрі түсінікті ету.