Жаңа оқу жылымен бірге Қазақстанда білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, салық және басқа да салаларда бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мектептерде бағалау жүйесі өзгереді
2–4 сыныптарда бұрынғы БЖБ мен ТЖБ-ның орнына аралық бағалау енгізіледі. Сонымен қатар формативтік бағалауда оқушының бір тапсырмасы емес, сабақ барысындағы оқу әрекеті толық ескеріледі.
Жаңа пәндер енгізіледі
1 қыркүйектен бастап:
• 5–7 сыныптарға – «Конституция негіздері»;
• 8–11 сыныптарға – «Заң мен тәртіп»;
• 5–11 сыныптарға – «Жеке қауіпсіздік» курстары енгізіледі.
Ал 8–9 сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәні келесі оқу жылынан бастап қайта оқытылады.
Мұғалімдерге гүл беруге болмайды
Оқу-ағарту министрлігі мектеп қабырғасында мұғалімдерге гүл немесе басқа сыйлықтар беруге болмайтынын мәлімдеді. Министрлік бұл талапты ата-аналар мен оқушылар ескеруі керек екенін атап өтті.
Мектеп медицинасы жаңарады
Оқушыларға профилактикалық медициналық тексеру кезең-кезеңімен жаңартылған жүйе бойынша жүргізіледі. Тексеру кезінде цифрлық ЭКГ, пульсоксиметр, отоскоп сияқты заманауи құралдар қолданылады.
Баланың денсаулығына қатысты мәліметтер цифрлық жүйеде жинақталып, тексеру нәтижелері мен мамандарға жолдамаларды бақылауға мүмкіндік береді.
Зейнетақы жинағын толық сенімгерлік басқаруға беруге болады
7 қыркүйектен бастап азаматтар зейнетақы жинағының 100 пайызын сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін жинақтың тек 50 пайызын аударуға рұқсат етілген.
Өтініш берілмеген жағдайда қаражат бұрынғыдай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалады.
Декларация тапсыру мерзімі жақындады
2026 жылғы кірістер мен мүлік туралы 270.00 нысанындағы декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет.
Бұл талап мемлекеттік қызметшілерге және олардың жұбайларына, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларына, жеке практикамен айналысатын азаматтарға, цифрлық актив иелеріне және белгілі бір санаттағы салық төлеушілерге қатысты.
Ал декларация нәтижесінде салық төлеу міндеті туындаса, оны 25 қыркүйекке дейін төлеу керек.
Тұрғын үйді бөлу тәртібі өзгереді
Қыркүйектен бастап мемлекеттік және жалға берілетін тұрғын үйді, сондай-ақ жеңілдетілген ипотеканы бөлуге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді.
Қолжетімді тұрғын үйдің кемінде 70 пайызы жеңілдік санатына жататын азаматтарға беріледі. Оның ішінде кемінде 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қарастырылған.
Ауылдағы жалдамалы баспананы өзіңіз таңдайсыз
1–7 қыркүйек аралығында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар ауылдық жерлердегі қолжетімді мемлекеттік жалдамалы баспананы өздері таңдай алады.
Өтінім «Отбасы банк» платформасы арқылы беріледі. Электрондық цифрлық қолтаңба қажет.
Емхананы кез келген уақытта ауыстыруға болады
Бұған дейін емхананы ауыстыру үшін 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығын күту қажет еді. Енді бұл шектеу алынып тасталды.
Азамат емхананы жылына бір рет, кез келген уақытта ауыстыра алады. Медициналық ұйым үйге жақын орналасып, МӘМС жүйесімен жұмыс істеуі тиіс.
Астанада жаңа университет ашылады
Жаңа оқу жылында Астанада Қазақ зерттеу жасанды интеллект университеті студент қабылдай бастайды.
Университетке шамамен 600 студент қабылданады. Оның ішінде бакалавриатта 400 студент білім алса, 308 талапкер мемлекеттік грант иегері.
Президент Жолдауы жарияланады
Қыркүйек айында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауы жарияланады.
Президент бұған дейін Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалғаннан кейін Жолдау жарияланатынын айтқан.
Шетелдегі қазақстандықтар үшін паспорт рәсімдеу жеделдейді
1 қыркүйектен бастап шетелдегі кейбір консулдықтарда Қазақстан азаматының паспортын рәсімдеу мерзімі 3 айдан 40 күнге дейін қысқарады.
Алайда нақты мерзім консулдықтың цифрлық жүйеге қосылған-қосылмағанына байланысты болады.
Павлодар әуежайы жұмысын бастайды
1 қыркүйектен бастап Павлодар әуежайы қайта жұмыс істейді. Алғашқы рейстер Алматы мен Астана бағыттарында орындалады.
Астана бағыты бойынша әуе билеттеріне субсидия беру жалғасады.
Билет бағасы әзірге шамамен 20 мың теңге көлемінде сақталады.