Қарағандыда Шахтерлер күніне арналған концерт: көлікті қайда қоюға, концерттен кейін қалай қайтуға болады және қай жолдар жабылады

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынды

Қарағандыда 29 тамызда Шахтерлер күніне орай ауқымды концерт өтеді. Оңтүстік-Шығыстағы Байкен Әшімов атындағы шағын ауданда орналасқан жаңа алаңда танымал өнерпаздардың қатысуымен үлкен мерекелік кеш ұйымдастырылады. Бағдарлама сағат 18:00-де басталып, концерт соңында отшашу болады.

Концерттің ұйымдастырылуы

Мерекенің басты оқиғасы — Димаш Құдайберген, Дима Билан, Қайрат Нұртас және басқа да танымал өнерпаздар қатысатын концерт.

Осыған орай ауқымды концерт алаңы әзірленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сахнаның ені алғаш рет 62 метрді құрайды. Қарағандыда мұндай көлемдегі ашық аспан астындағы сахна бұған дейін орнатылмаған.

Көрермендер саны көп болады деп күтілуде. Қонақтарға қолайлы жағдай жасау үшін аумақта 50 биодәретхана орнатылады.

Мобильді байланыс операторлары желінің сапасын арттыру және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Қосымша тағы 4 мобильді базалық станция орнатылады. Олар алғаш рет Астана мен Алматыдан арнайы жеткізіледі. Дегенмен байланыс сапасын қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, уақытша іркілістер болуы мүмкін.

Қауіпсіздік

Мерекелік iс-шара барысында концерт алаңы мен оған іргелес аумақта төтенше жағдайлар қызметтерінің кезекшілігі күшейтіледі.

Жедел жәрдем бригадалары, полиция қызметкерлері мен өрт сөндіру жасақтары жұмыс істейді.

Көрермендерге жол қозғалысының сызбасымен, автотұрақ орындарымен және автобустардың жөнелтілетін жерлерімен алдын ала танысып, сапарын жоспарлау кезінде уақытша шектеулерді ескеру ұсынылады.

Қай жолдар жабылады

Концерттің өтуіне байланысты 29 тамызда сағат 10:00-ден бастап жаңа алаң орналасқан аумақта көлік қозғалысына шектеу қойылады.

Мына учаскелерде қозғалыс тоқтатылады:

- Байкен Әшімов атындағы шағын аудандағы Республика даңғылынан Тәттімбет көшесіне дейінгі автомобиль жолының учаскесі;

- Байкен Әшімов атындағы шағын ауданда жол арқылы тұрғын үйлерге кіретін және шығатын барлық жолдар;

- Бөкетов көшесінің Сарыарқа көшесінен Байкен Әшімов атындағы шағын ауданға дейінгі бөлігі.

Жүргізушілерге шектеулерді алдын ала ескеріп, мүмкіндігінше балама бағыттарды таңдауға кеңес береді.

Көлікті қайда қоюға болады

Жеңіл автокөліктер үшін Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында автотұрақ ұйымдастырылады.

Концерттен кейін қалай қайтуға болады

Мерекелік бағдарлама аяқталғаннан кейін серіктес қалалар мен қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары үшін 50 қосымша автобус ұйымдастырылады. Сондай-ақ 103 автобус қалалық бағыттар бойынша жүреді. Автобустар түрлі бағыттарға бөлініп, үш жерден жолға шығады.

Теннис орталығы

Теннис орталығы алдындағы автотұрақта Пришахтинск, Оңтүстік-Шығыс, қала орталығы, Михайловка, ЖБИ, Федоровка және Үштөбе бағыттарына қатынайтын автобустар жолаушыларды күтеді.

Karaganda Arena мұз сарайы

Karaganda Arena мұз сарайы алдындағы автотұрақта Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай, Шахан және Ақтас бағыттарына қатынайтын автобустар болады.

Серіктес қалалар мен елді мекендердің тұрғындары концерттен кейін дәл осы жерден үйлеріне қайтуына болады.

№19 мектеп

№19 мектеп маңында Майқұдық, Сұрыптау, Көкпекті және Доскей бағыттарына қатынайтын автобустар жолаушыларды күтеді.

Көрермендер нені білуі керек

Кештің жайлы өтуі үшін ұйымдастырушылар автобустардың бағыттарымен, олардың жөнелтілетін орындарымен және жолдардың жабылу сызбасымен алдын ала танысып алуға кеңес береді.

Жеке автокөлікпен келетіндер 29 тамызда көлік қозғалысына қойылатын шектеулер сағат 10:00-ден бастап күшіне енетінін ескергені жөн.