Алматыда электросамокаттарға жаңа шектеулер енгізілді

Сурет: ЖИ

25 тамыздан бастап Алматыда электросамокатпен жүру тәртібі өзгереді. Полиция тұрғындарға жаңа талаптарды қатаң сақтауға шақырды.

Енді электросамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынады. Ал жолдың жүру бөлігіне тек 18 жастан асқан, жүргізуші куәлігінің кез келген санаты бар және қорғаныш дулығасын киген азаматтар ғана шыға алады.

Сондай-ақ:
• қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану міндетті;
• жолаушы мен жүк тасымалдауға болмайды;
• жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түсіп, жаяу өту қажет;
• прокаттағы электросамокаттар мемлекеттік тіркеу нөмірімен және міндетті сақтандырумен қамтамасыз етілуі тиіс.

Ал кикшеринг компаниялары самокаттардың техникалық жағдайын, қозғалыс жылдамдығын және орналасқан жерін тұрақты бақылауға міндеттеледі.

Жаңа талаптардың басты мақсаты — жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін күшейтіп, қала көшелеріндегі тәртіпті қамтамасыз ету.