TikTok-тағы заңға қайшы әрекетке полиция тосқауыл қойды

Фото: Life09

Қарағанды облысының полиция қызметкерлері интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында TikTok әлеуметтік желісінде 56 жастағы стримердің қоғамда теріс пікір қалыптастыратын және заң талаптарына қайшы әрекеттерін анықтады.

Қарағанды қаласының тұрғыны Еркен Жантыкпаев TikTok әлеуметтік желісіндегі белсенділігімен танымал. Ол әйелдер киімін киіп, құқыққа қайшы мазмұндағы бейнематериалдар жариялаған.

Аталған дерек бойынша полиция тарапынан тиісті шаралар қабылданып, материал сотқа жолданды. Сот қаулысымен азаматқа 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, ресми ескерту жасалды.

Полиция қызметкерлері азаматтың әрекеті заң талаптары мен қоғамдық тәртіпке қайшы келетінін атап өтті. Мұндай әрекеттерге құқықтық баға беріліп, заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары қолданылады.

Қазіргі уақытта Еркен Жантыкпаев әлеуметтік желілердегі аккаунттарын жойған. Сонымен қатар, полиция тарапынан оған қатысты бақылау жалғасуда.

Ескерту талаптарын қайта бұзған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес неғұрлым қатаң жауапкершілік қарастырылуы мүмкін.

Қарағанды облысының полициясы азаматтарды әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпке қайшы және құқыққа сыйымсыз контент таратпауға шақырады.

Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі