Қарағанды облысының Балқаш қаласы үшін Металлург күні – ең маңызды кәсіби мерекелердің бірі. Бүгінде бұл салада қаланың алты мыңнан астам тұрғыны еңбек етеді, олардың көпшілігі отбасылық еңбек дәстүрін жалғастырып келеді.
Жыл басынан бері Балқаш мыс балқыту зауытында шамамен 100 мың тонна катодты мыс өндірілді. Кәсіби мереке құрметіне металлургтер салтанатты жағдайда ұлықталып, үздік қызметкерлерге салалық марапаттар табысталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек адамы қоғамда ерекше құрметке ие болуы тиіс» екенін бірнеше мәрте атап өтті. Бұл сөздер ең алдымен сіздерге арналған. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында Қарағанды облысының металлургиясы Қазақстан экономикасының басты тіректерінің бірі болып қала беруде. Өткен жылы өңірдің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 5,3 триллион теңгеден асты. Оның ішінде шамамен 3,8 триллион теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, – деп металлургтерді кәсіби мерекесімен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады. – Бүгінде сала кәсіпорындары болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді. Заманауи технологиялар енгізіліп, экологиялық стандарттар жетілдірілуде, жаңа өндірістік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен ең басты құндылық – бұрынғыдай адам. Алға жылжуға мүмкіндік беретін де – сіздердің білімдеріңіз, кәсібиліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз.
Өңір басшысы металлургия саласындағы жиынтық еңбек өтілі жүз жылдан асқан Ақбергеновтер әулетін үлгі ретінде атап өтті.
Ермағанбет Бөлекпаев үздік металлургтерге «Еңбек Даңқы», «Құрметті металлург» төсбелгілері мен «Еңбек ардагері» медалін табыстады.
Корпорация басқармасының төрағасы Руслан Өскенәли 2026 жыл компанияда Қауіпсіздік жылы деп жарияланғанын айтты.
– Жылдың алғашқы алты айында Балқаш мыс балқыту зауыты 96 мың тоннадан астам катодты мыс өндірді. Бұл көрсеткіштің артында сіздердің күнделікті еңбектеріңіз бен жоғары кәсібиліктеріңіз тұр. Біз өндірістік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартып, жабдықтарды жаңғыртып, еңбек жағдайларын жақсартып, медициналық және әлеуметтік бағдарламаларды дамытып келеміз. Биыл Балқаш мыс балқыту зауытында ауқымды күрделі жөндеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. ПВ-1 және ПВ-2 балқыту агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимараттардың шатырлары жаңартылып, нөсерлі кәріз жүйесі ауыстырылуда. Бұл өндірістік нысандардың сенімділігін арттырып, олардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етеді, – деді ол.
Салтанатты рәсімге «Қазақмыс» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков те қатысты. Ол компания өндірісті жаңғыртуға ғана емес, өзі жұмыс істейтін қалалардағы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да қомақты қаржы салып отырғанын атап өтті.
– Компанияның әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар портфелі шамамен 45 миллиард теңгені құрайды. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Балқашта жаңа әлеуметтік жобаларды іске асыру басталады. Алдағы жылдары заманауи балабақша мен спортпен шұғылдануға, белсенді демалысқа және туристік әлеуетті дамытуға арналған спорттық-туристік база салынады. Бұл – қызметкерлеріміз бен олардың отбасыларының өмір сапасына салынған инвестиция әрі қаланың болашағына қосылған үлес, – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Мерекеде өндіріс ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Қабдырахман Есембеков металлургия саласына 40 жылдан астам өмірін арнаған. Оның әкесі де металлург болған, бүгінде бұл еңбек жолын балалары жалғастырып келеді.
– Мен балқытушы болып еңбек еттім. Аффинаж және мырыш зауыттары сияқты ірі өндірістік жобалардың іске қосылуына қатыстым. Металлургияның қарқынды дамып, заманауи технологиялардың енгізіліп, көптеген үдерістердің автоматтандырылып жатқаны қуантады. Барша металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтап, зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! – деді өндіріс ардагері.

40 жылдық еңбек өтілі бар металлург Дүйсенғали Байғуатов қарапайым жұмысшыдан басшылық қызметке дейінгі жолдан өтті. Ол ұзақ жылдар бойы Балқаш мыс балқыту зауытын басқарған.
– Металлургия – жігерлі әрі қайсар жандардың мамандығы. Әр тонна мыстың артында мыңдаған жұмысшының тәжірибесі, жауапкершілігі мен күнделікті қажырлы еңбегі жатыр. Сондықтан Металлург күні Балқаш үшін әрдайым айрықша мереке болып қала береді, – деді Дүйсенғали Байғуатов.

Балқашта Металлург күні кең көлемде аталып өтеді.

Кәсіби мерекеге орай отбасылық ойын-сауық бағдарламалары, спорттық жарыстар және танымал өнерпаздардың қатысуымен концерт ұйымдастырылады.
Мерекелік шара соңында отшашу болады.
Дереккөз: gov.kz