Астанада Балқаш көлінің экожүйесін сақтау жөніндегі мастер-жоспарды әзірлеуге арналған жұмыс тобының ашық отырысы өтті. Жоба Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі, Францияның даму агенттігі (AFD) және Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросымен (BRGM) бірлесіп жүзеге асырылуда.

Француз сарапшылары негізгі бағыттар бойынша жүргізілген зерттеулердің аралық нәтижелерін таныстырды. Қатысушылар гидрология, ауыл шаруашылығы, гидрогеология, мұздықтардан келетін ағынның үлесін бағалау, су пайдалану және су ресурстарын бөлу моделін жасау салаларындағы деректермен танысты.

Кездесудің басты тақырыптарының бірі климаттың өзгеруі жағдайында Балқаш бассейнінің су ресурстарын тұрақты басқару мәселесі болды. Сарапшылар өзен ағынын болжау, мұздықтардан келетін қоректенудің болашақтағы өзгерістерін бағалау, жерүсті және жерасты суларының өзара байланысын зерттеу тәсілдерін ұсынды. Сондай-ақ басқарушылық шешімдерді тиімді қабылдауға мүмкіндік беретін заманауи модельдеу құралдары көрсетілді.
Қатысушылар су ресурстарын бөлудің түрлі сценарийлерін талдау және бассейндік жоспарларды әзірлеу үшін қолданылатын цифрлық технологияларға да ерекше назар аударды.

Талқылау қорытындысы бойынша мамандар зерттеу нәтижелерін Балқаш көлінің су жинау алабының жай-күйін бағалаудың бірыңғай жүйесіне біріктіріп, алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындады. Мастер-жоспарды әзірлеуді аяқтап, оның қорытынды нәтижелерін 2026 жылдың соңына дейін ұсыну жоспарланып отыр.
— Мастер-жоспар Балқаш көлінің экожүйесін сақтау және бассейннің су ресурстарын тұрақты басқару жөніндегі ұзақ мерзімді шешімдерді қабылдаудың ғылыми негізіне айналады. 2026 жылдың соңына дейін қазақстандық және француздық сарапшылар зерттеу нәтижелерін біріктіру, модельдік есептеулерді жетілдіру және қорытынды құжатты дайындау бойынша бірлескен жұмысты жалғастырады, — деді «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайролла.
Оның айтуынша, келесі кезеңде 2040 жылға дейінгі су шаруашылығы жағдайының даму болжамдары әзірленіп, климаттық модельдер таңдалады және жекелеген бағыттар бойынша қосымша зерттеулер жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпараты бойынша