Қарағандылық ескек есушілер Азия чемпионатында 13 медаль жеңіп алды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Түркістан қаласында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы байдарка мен каноэде есу бойынша Азия чемпионатында Қарағанды облысының спортшылары жеті алтын, екі күміс және төрт қола медаль жеңіп алды.

Өткен жылы салынған жаңа есу арнасында өткен жарысқа 17 елден 350-ге жуық спортшы қатысты.

Қазақстан құрамасы жалпы саны 40-тан астам медаль иеленсе, бұл жетістікке қарағандылық ескек есушілер де қомақты үлес қосты.

Турнирдің басты қаһарманы байдаркашы Дмитрий Холмогоров болды. Ол жекелей сында 500 және 1000 метр қашықтықтарда, сондай-ақ екілік байдаркамен 500 метрде үш алтын медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, спортшы аралас экипаж құрамында күміс медальға ие болып, 1000 метр қашықтықта қола жүлдені еншіледі. Жарыс қорытындысы бойынша Дмитрий биылғы қыркүйекте Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысатын ұлттық құраманың қатарына енгізілді.

Азияның үш дүркін чемпионы атанған Вероника Трапезникова екілік байдаркамен 200 және 500 метр қашықтықтарда, сондай-ақ төрттік байдарка құрамында алтын медаль жеңіп алды. Өңір қоржынына тағы бір алтын жүлдені 500 метр қашықтықтағы К-4 экипажында өнер көрсеткен Алексей Ширман салды.

Каноэшілер арасындағы жарыста Мария Карманова (С-4, 500 м – күміс медаль), Ульяна Иванова (С-2 микс, 500 м және С-4, 500 м – екі қола медаль) және Денис Кленин (1000 метр қашықтықтағы екілік байдаркада қола медаль) жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Қарағанды облысының байдарка мен каноэде есу бойынша аға жаттықтырушысы Владимир Петровтың айтуынша, спортшылардың жетістігі – жүйелі жұмыстың нәтижесі.

— Бұл медальдар – ұзақ әрі тыңғылықты дайындықтың жемісі. Біздің спортшылар, әдетте, жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Чемпионаттағы бәсекелестік өте жоғары болды, дегенмен спортшыларымыз өз деңгейін дәлелдеп, халықаралық аренада ең жоғары орындар үшін күресе алатынын көрсетті, — деді Владимир Петров.

Жаттықтырушы заманауи спорттық инфрақұрылымның маңыздылығына да тоқталды. 

Оның айтуынша, Түркістандағы жаңа есу арнасы халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді және жоғары деңгейдегі оқу-жаттығу жиындары мен беделді жарыстарды сапалы өткізуге мүмкіндік береді.