Қарағанды облысында ауыл тұрғындарына арналған көшпелі дәрігерлік қабылдаулар жалғасып жатыр. Мамандар заманауи жылжымалы медициналық кешендер базасында жұмыс істеуде. Соның арқасында ауыл тұрғындары өз елді мекенінен алысқа шықпай-ақ тексеруден өтіп, бейінді дәрігерлердің кеңесін алу мүмкіндігіне ие.

Саяқ кентінде қабылдауды Балқаш көпсалалы ауруханасының дәрігерлері өткізді. Жылжымалы медициналық кешен құрамында терапевт, педиатр, офтальмолог, хирург және гинеколог болды.

Қабылдау барысында тұрғындар жедел талдаулар мен онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтік тексерулерден өтті.
Дәрігерлер диспансерлік есепте тұрған пациенттерге ерекше көңіл бөлді: емдеу тәсілдерін түзетіп, қажет болған жағдайда диагностикалық орталықтарға жолдамалар берді.

Қарқаралы ауданында «Салауатты ауыл жолы» акциясы аясында облыстық клиникалық аурухана мен профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы аурухананың мамандары жұмыс істеді. Мобильді топ құрамында нефролог, эндокринолог, уролог және кардиолог болды.

Бір апта ішінде дәрігерлер шамамен 1500 адамды қабылдаған. Тұрғындарға ультрадыбыстық диагностика, функционалдық зерттеулер және бастапқы скринингтер жүргізілуде.
– Мұндай мамандардың ауылға өздері келіп жатқаны өте маңызды. Әсіресе зейнеткерлер мен созылмалы ауруы бар адамдардың бәрінің бірдей Қарағандыға баруға мүмкіндігі жоқ. Ал мұнда үйіміздің жанында отырып-ақ дәрігер кеңесін алуға болады, – дейді Қарқаралы қаласының тұрғыны Светлана Ысқақова.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай көшпелі қабылдаулар ауруларды ерте кезеңде анықтауға және асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының аудандарында көшпелі дәрігерлік қабылдаулар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Көбіне мұндай жұмыстар жаз мезгілінде белсенді жүргізіледі. Алдағы айларда мобильді медициналық бригадалар облыстың барлық аудандарын аралап шығады. Мамандардың қабылдау кестесін тұрғындар аудандық ауруханалардан біле алады.