Қарағанды облысында тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Ақтас кентінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Көптен күткен нысан балалар мен ересектерге тұрақты түрде жаттығып, денсаулықтарын нығайтуға және спорттық шеберліктерін арттыруға мүмкіндік береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

— Бүгінде облыс аумағында заманауи спорт инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр. Бұқаралық спортты кеңінен дамытуға және салауатты өмір салтын орнықтыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде осындай кешендер бой көтеруде. Бұл дене шынықтыру-сауықтыру орталығы — соның жарқын дәлелі. Мұнда бұқаралық спорт түрлері кең қанат жайып, болашақ чемпиондар қалыптасатынына, ал салауатты өмір салты мәдениеті жаңа деңгейге көтерілетініне сенім мол. Сондай-ақ биыл Саран қаласында жеңіл құрылымды тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Спорт — тек жарыс емес, ол тәртіп пен табандылықтың, ерік-жігер мен жеңіске деген ұмтылыстың мектебі. Спортпен шұғылданып, біліммен қаруланып, Отан игілігіне қызмет етіңіздер! — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

— Ақтас кентінде жаңа спорт кешенінің ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бұл маңызды нысан үшін кент тұрғындарының атынан ризашылығымды білдіремін. Көптеген елдерде болып, тәжірибе көрген адам ретінде айтарым — біздің дене шынықтыру-сауықтыру кешеніміз шетелдік заманауи спорт нысандарынан ешбір кем түспейді. Мұнда алдағы уақытта еліміздің абыройын Олимпиада төрінде асқақтататын чемпиондар өсіп шығатынына кәміл сенемін. Мемлекет мұндай инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беріп отыр, өйткені бұл — ел болашағына жасалған берік инвестиция, — деді Қазақстанның еркін күрестен еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амангелді Мұсабеков.

Ғимараттың жалпы аумағы 2,2 мың шаршы метрден асады.

Кешенде күрес, бокс, ұлттық спорт түрлері, гимнастика және жаттығу залы жабдықталған.

Мұнда қазақ күресімен, джиу-джитсумен, каратэмен, тоғызқұмалақпен, асық атумен, бесасықпен және садақ атумен айналысуға барлық жағдай жасалған.

Сондай-ақ жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлеріне арналған кабинеттер қарастырылған.

Спорт нысаны қажетті құрал-жабдықтармен және заманауи техникамен толық қамтамасыз етілген.

Бокс залында кәсіби ринг орнатылса, тренажёр залында күштік және кардиожаттығуларға арналған жабдықтар қойылған. Көрермендер үшін 140 орындық трибуна қарастырылған.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің басшысы болып «Арыстан» спорт клубының негізін қалаушы, джиу-джитсу мен жауынгерлік самбодан спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан Еуразия жүлдегері Берікбол Ермағамбетов тағайындалды. ДСК директорының мәлімдеуінше, жұмысты бастауға барлығы дайын, штат жасақталған. Балаларды тегін секцияларда жеті бапкер жаттықтырады.

— Енді жаттығу үшін қалаға қатынаудың қажеті жоқ екеніне қуаныштымын: спортпен өз кентімізде де айналысуға толық мүмкіндік бар. Мұнда барлық жағдай жасалған, тіпті ыңғайлы баскетбол алаңы да бар. Менің жасым 14-те. Баскетболмен жарты жылдан бері айналысып келемін. Алдымен достарым келіп бастаған еді, кейін мен де соларға қосылдым. Маған бұл спорт қатты ұнап қалды, алдағы уақытта үлкен жеңістерге жетемін деп үміттенемін, — деп жас баскетболшы Гурани Нареклишвили өз әсерімен бөлісті.

Бүгінде Қарағанды облысында 1381 спорт нысаны жұмыс істейді, оның 330-ы ауылдық жерлерде орналасқан.

Спорттық инфрақұрылымды дамыту бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың салауатты өмір салтына деген қызығушылығын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.