Тарихи алтын: қарағандылық спортшы АҚШ-та өткен IBJJF әлем чемпионатында жеңімпаз атанды

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігінің сайтынан

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг-Бич қаласында бразилиялық джиу-джитсудан IBJJF Worlds әлем чемпионатының 30-шы турнирі өтті. Бұл жарыс — әлемдегі ең беделді әрі бәсекелестігі жоғары додалардың бірі, жыл сайын барлық құрлықтан келген үздік спортшыларды жинайды. Аталған әлем біріншілігінде Қазақстан спортшылары тарихи жетістікке қол жеткізді.

Ересектер құрамасы қоңыр белбеу дәрежесінде екі бірдей алтын медаль жеңіп алды. Жеңімпаз атанғандар — Алинұр Қуатұлы мен Сейілхан Болат. Ал Батыр Теңізбай қола жүлдені иеленді.

Ерекше мақтаныш — қарағандылық жас спортшы Асанәлі Абаевтың жетістігі. Ол Қазақстан тарихында IBJJF бойынша алғашқы әлем чемпиондарының қатарына еніп, отандық спорт шежіресіне есімін қалдырды.

Асанәлі Juvenile 1 санатында, 53,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, көк белбеу бойынша сынға түсті. Чемпиондық атаққа жету жолында ол төрт ауыр белдесуді өткізді. Финалда қазақстандық спортшы Бразилиядан келген мықты қарсыласымен кездесіп, тартысты жекпе-жектен кейін төрешілер жеңісті Абаевқа берді. Осылайша ол әлем чемпионы атанып, алтын медаль иеленді.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша