Құрбан айт — 2026: Мерекенің мәні, дәстүрі және мал бағасы

Фото: Canva

Құрбан айт — мұсылман қауымы үшін рухани мәні зор, ислам дініндегі ең ұлық мерекелердің бірі. «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, адам баласы өзінің игі амалдары, сауапты істері және Алланың разылығы үшін шалған құрбандығы арқылы Жаратушыға жақындай түседі. Мереке қасиетті Рамазан айы аяқталғаннан кейін 70 күннен соң атап өтіледі.

2026 жылғы уақыты және демалыс

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) бекіткен күнтізбесіне сәйкес, 2026 жылы Құрбан айт 27–29 мамыр аралығында өтеді. Мерекенің алғашқы күні (27 мамыр, сәрсенбі) ресми демалыс күні болып саналады, сондықтан қазақстандықтар жұмыс аптасының ортасында қосымша бір күн демалады.

Құрбандық шалудың шарттары

Мереке күндері жағдайы келген мұсылмандарға құрбандық шалу — міндет (уәжіп). Бұл рәсімге қатысты негізгі шарттар төмендегідей:

Мал түрлері: Құрбандыққа тек қой, ешкі, сиыр және түйе ғана жарамды.

Жас ерекшелігі: Қой мен ешкі кемінде бір жасқа толуы керек. Алайда, 6 айлық қозы ірі әрі қоңды болса, оны да құрбандыққа шалуға рұқсат. Ал, ешкі міндетті түрде толық бір жасар болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда ғана шалынады.

Адам саны: Қой мен ешкі тек бір адамның атынан шалынады. Ал, ірі қара (сиыр) мен түйені 1-ден 7 адамға дейін бірігіп шалуға болады.

Ertemedia.kz басылымының мәліметінше, биыл нарықтағы баға төмендегідей қалыптасып отыр:

Құрбан айт қарсаңында нарықтағы мал бағасы әдеттегідей құбылып тұр. Бүгінде базарлардағы қойдың орташа бағасы 86 мың теңгеден басталса, қашықтан құрбандық шалуға арналған ресми онлайн сервистерде оның құны 150 мың теңгеге дейін жетеді. Ал, ірі қарадан түйе шаламын дегендер үшін баға тіпті 1,1 миллион теңгеге дейін өскен.

Бұл ретте нарықта қызық бір үрдіс байқалады. Елдегі мал басының жалпы саны жыл сайын көбейіп жатқанымен, мереке қарсаңындағы жоғары сұранысқа байланысты баға бәрібір төмендеген жоқ.

Мерекенің дәстүрлері мен әлеуметтік мәні
Құрбан айт — бірлікке, берекеге және қайырымдылыққа шақыратын мейрам. Оның негізгі дәстүрлеріне мыналар жатады:

Айт намазы: Мереке алғашқы күні таңертең мешіттерде оқылатын айт намазымен басталады. Құрбандық рәсімі тек намаздан кейін ғана атқарылады.

Етті бөлу: Шалынған құрбанның етін үш бөлікке бөлген абзал: бір бөлігі отбасына қалдырылса, екіншісі көрші-қолаң мен туыстарға, ал үшінші бөлігі міндетті түрде мұқтаж жандарға, көпбалалы отбасыларға таратылады.

Қонақжайлылық пен татулық: Айт күндері адамдар арнайы дастархан жайып, бір-бірінің үйіне қонаққа барады. Ренжісіп жүрген жандар бір-бірін кешіріп, ақжарма тілектерін арнайды.

 

Автор: Аңсар Дулатова