Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 17 мың доллардан асты

Фото: Life09

Халықаралық валюта қоры сәуір айына арналған әлемдік экономикалық шолуын жариялады. Онда жан басына шаққандағы номиналды жалпы ішкі өнім көрсеткіштері келтірілген.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ – елдің экономикалық даму деңгейі мен халықтың әл-ауқатын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Ол елде бір жыл ішінде өндірілген барлық тауарлар мен қызметтердің ақшалай құнын халық санына бөлу арқылы есептеледі. Яғни, бұл көрсеткіш бір адамға шаққандағы экономикалық өнім көлемін көрсетеді.

💰 Аталған көрсеткіш мемлекеттердің өмір сүру деңгейін салыстыру үшін қолданылады. Бұл жерде басты назар халық санына емес, экономикалық тиімділік пен сапалы өсімге аударылады.

Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 17 500 АҚШ долларын құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы ХВҚ деректері бойынша бұл көрсеткіш 14 770 доллар болған. Яғни, қысқа мерзім ішінде шамамен 20 пайыздық өсім тіркелді.

📈 Бұл халықаралық сарапшылар Қазақстан экономикасындағы сапалы өзгерістерді және оның әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын мойындайтынын көрсетеді.

🌍 Көршілес мемлекеттердегі жағдай төмендегідей:
🇺🇿 Өзбекстан – 4 660 доллар
🇰🇬 Қырғызстан – 3 200 доллар
🇹🇯 Тәжікстан – 1 940 доллар

Қазақстан жалпы ЖІӨ көлемі бойынша да, жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша да өңірдегі көшбасшы мәртебесін сақтап отыр. Бұл көрсеткіштер еліміздің экономикасының сапалы әрі тұрақты дамуын нақты көрсетеді.

🏭 Сонымен қатар, өсім жүйелі түрде жалғасуда. Жалпы ішкі өнім құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіп үлесінің артуы экономикамыздың сыртқы күйзелістерге төзімділігін күшейтіп келеді. Әлемдегі тұрақсыз жағдайға қарамастан, экономикалық көрсеткіштердің төмендемеуі – Қазақстан экономикасының беріктігін айқындайтын маңызды фактор.