QOSTANAI TECH: Қостанайда болашақ технологиялар мерекесі өтеді

Фото: Ұйымдастушылардан

Қостанай қаласы 29 сәуір күні ғылым мен технологияның нағыз мерекесіне айналмақ. Таңғы сағат 9:00-де «Жастар сарайы» мен Индустриялық аймақ аумағында басталатын «QOSTANAI TECH» отбасылық ғылыми-инновациялық фестивалі кешкі 20:00-ге дейін жалғасып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлайды.

Бұл ауқымды шара — елде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы маңызды оқиғалардың бірі. Фестивальдің салтанатты ашылуын Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жасайды.

Фестиваль бағдарламасы мазмұнға бай әрі әртүрлі аудиторияға арналған. TED-форматында өтетін негізгі алаңда өндіріс, ІТ және білім беру саласының жетекші сарапшылары сөз сөйлейді. Олардың қатарында «KIA QAZAQSTAN» бас директоры Де Ки Ким, Freedom Cloud компаниясының CEO-сы Темірлан Зиналабдин, Allur компаниялар тобының өкілдері және Оксфордта білім алған алғашқы қазақстандықтардың бірі Ғабит Бекахметов бар.

Келушілерді кіреберісте фестивальдің ерекше символы — Q-AI трансформері қарсы алып, заманауи технологиялар көрмесіне жетелейді. Екінші қабаттағы интерактивті кеңістікте ақылды өндіріс, автономды жүйелер, цифрлы урбанистика, XR-білім беру, экология мен логистика сияқты болашаққа бағытталған тақырыптар қамтылады.

Фестиваль тек көруге ғана емес, қатысуға мүмкіндік беретін алаң ретінде де ерекшеленеді. Балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы аймақта киберспорт турнирлері, робототехника, конструкторлық зертханалар ұйымдастырылады. VR және AI технологиялары арқылы келушілер ауыл шаруашылығы техникасын басқарудан бастап, электр көліктерін құрастыруға дейінгі процестерді өз көзімен көріп, тәжірибе жүзінде сезіне алады.

Сыртқы алаң да қызыққа толы. Мұнда ғылыми шоулар, физика-химиялық тәжірибелер, сұйық азотпен тәжірибелер және әсерлі Тесла шоуы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, өңірдегі жетекші кәсіпорындардың техникасы қойылған көрме көпшілік назарына ұсынылады.

Өндіріс әлеміне тереңірек үңілгісі келетіндер үшін арнайы индустриялық экскурсиялар қарастырылған. Бұл бастама қала тұрғындары мен қонақтарына өңірдің өндірістік әлеуетін жақыннан тануға мүмкіндік береді.

Фестивальдің басты миссиясы — отбасы құндылықтарын дәріптеп, жас ұрпақты білім мен еңбекке, соның ішінде бағдарламалау мен жасанды интеллектті меңгеруге ынталандыру.

Кешкі сағат 19:00-де мереке қазақстандық эстрада жұлдызы Bayansulu-дың қатысуымен өтетін концерттік бағдарламамен түйінделеді.

«QOSTANAI TECH» — бұл тек фестиваль емес, бұл болашаққа жасалған қадам, ғылым мен инновацияны жақындастыратын ерекше алаң. Әрбір келуші мұнда өзіне қызықты дүниені тауып, жаңа әсермен оралатыны сөзсіз.