Саятбек Мусин: Мен Черноблде дозиметрші болдым...

https://www.istockphoto.com/ru/%D1%84%D0%BE%D1%82%D0%BE%D0%B3%D1%80%D0%B0%D1%84%D0%B8%D0%B8/chernobyl

Чернобль АЭМ жарылыс 1986 жылдың 26 сәуірінде орын алды. Бұл апат адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апат деп саналады. Радиоактивті түтін КСРО құрамындағы Украина аумағына ғана тарамай, іргелес жатқан он шақты Европа еліне тарады. Осындай зұлматтың басы-қасында болған, апаттан соңғы жұмыстарды атқарған отандастарымыз аз емес. Бір деректерде 30-32 мың адам десе, келесі деректерде 35 мыңдай деп көрсетілген.

Биыл Чернобль АЭС апатының орын алғанына 40 жыл толады. Осыған орай Чернобль ардагері, Саятбек Кәрімұлы Мусин ағамызбен әңгімелескен едік.

  • Мен ол кезде міндетті әскери борышымды Львов қаласында өтеп жүргенмін. Жарылыс болды деген күні бізді «Дабыл»  бойынша көтеріп, бір түнде Припять қаласына алып келді. Әскери палаткаларымызды тігіп, сол жерге орналастық. Апат болған АЭС  қол созым жерде, көз алдымызда көрініп тұрды. Өртеніп жатқанын да, оны тікұшақтармен сөндіріп жатқанын да көрдік. Біздің міндетімізге қала тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру жүктелді. Мен радиация деңгейін өлшейтін дозиметрші болдым.

Күнде кешке моншаға шайынамыз. Одан соң рентген секілді сәулелі тексеруден өттік. Егер де үстімізде радиоктивті шаң-тозаң қалып қойса күлгін түспен көрсететін. Содан соң қайтадан жуынып, үстімізге жаңа киім, аяғымызға жаңа етік беретін...

Есімде қалған ерекше тапсырманың бірі қала ішіндегі иттерді ату еді. «Иттер ауру жұқтырған. Терілері жидіп түсіп жатыр. Көзге көрінген итті жойыңдар», деген нұсқаулық бойынша тапсырма орындадық. Кей иттерден ауру белгісі байқалса, кейбірінен байқалмайтын. Тірі қалған жануарларда мутация болған, болмағанын білмеймін. Мен ол жерде 1 айдан шамалы ғана асатын мерзімде болдым. Ар жағында бізге әскери қызметіміздің аяқталуына байланысты бұйрық шығып, елге қайттық. Елге келген соң 1,5 ай тексерілуден өттім. Бізді не құтқарғанын білмеймін... Мүмкін, орта жастан асқан офицерлердің бізге күнделікті арақ беріп отырғаны құтқарған болар... Мүмкін, ауылда өсіп, ет  жеп, қымыз ішкеніміздің арқасы ма, әлде, маңдайға жазылғаны сол ма аса ауыр зардабын тарта қоймадым. Бірақ, түрлі себептермен дүниеден өткен әскери достарым да бар. Мүмкін, осы радиацияның да әсері тиген болар...

Қазір мемлекет бізге көмегін қолдан келгенше жасауда. Үй, жер, көлік салығынан босатылғанбыз. Жылына бір рет санаторийге жатуға болады. Бірақ, жұмысбасты пенде болған соң осы санаторийге жату мүмкіндігін өмірімде үш рет қана пайдаланыппын...