Сарандағы инвестиция мен өндіріс: даму қарқыны артып келеді

gov.kz

Қарағанды облысында Саран қаласы индустриялық дамуын қарқынды жалғастырып келеді: мұнда жыл сайын 3–4 жаңа жоба іске асырылады. Соңғы екі жылда өндіріс көлемі 1,6 есеге өсіп, оның басым бөлігін өңдеу өнеркәсібінің өнімі құрайды. Биыл инвестиция көлемі 156,5 млрд теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде.

Жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы қала әкімі Дарын Бұлқайыр Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндады.

Оның айтуынша, екі жыл бұрын Саран экономиканы әртараптандырудың арқасында моноқалалар тізімінен шықты. Бұл үдеріс Үкіметтің қолдауымен және бизнес өкілдерінің қатысуымен жүзеге асқан. Өсімнің негізгі драйвері — индустриялық аймақ. Мұнда жалпы құны 346 млрд теңгеден асатын 8 ірі жоба іске асырылған. Толық қуатқа шыққан кезде олар шамамен 4 мың жұмыс орнын құрады. Қазіргі таңда 2300 адам жұмыспен қамтылған.

— 2026 жылы жалпы құны 107,7 млрд теңгені құрайтын тағы 4 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олар: полиэтилен құбырлары мен фитингтер өндірісінің екінші кезеңі, жеңіл автокөліктер шығару, жылу оқшаулағыш материалдар өндіру және HOWO маркалы жүк көліктерін құрастыру. Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік аймақ құру жұмыстары жалғасуда. Инвесторларды іздеу және тарту бүгінгі күні басым бағыттардың бірі, — деді Дарын Бұлқайыр.

Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес те дамып келеді: Саранда 2800-ден астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, онда 7 мыңнан астам адам еңбек етеді. Сауда және қызмет көрсету салаларында жаңа жобалар іске асырылып, кәсіпкерлерге гранттар мен субсидиялар берілуде.

Экономиканы дамыту мен инвестиция тартуға бағытталған кешенді тәсіл өз нәтижесін беріп отыр — қала барған сайын инвесторлар үшін тартымды бола түсуде.