Саранда шағын индустриялық аймақ салынуда

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан

Қарағанды облысында Saran индустриялық аймағы өңір өнеркәсібінің негізгі өсім нүктелерінің бірі болып қала беруде. Мұнда бірқатар кәсіпорындар табысты жұмыс істеп, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Ал жақын уақытта оның аумағында шағын және орта бизнес өндірістерін орналастыруға арналған шағын индустриялық аймақ ашылады. Бұл кәсіпкерліктің дамуына қосымша серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Saran индустриялық аймағына барып, жаңа жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Өңір басшысына инвестициялық жобалардың жүзеге асу кезеңдері туралы баяндалды.

Шағын индустриялық аймақтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл дайын коммуналдық инфрақұрылымы бар заманауи өндірістік кешен болмақ. Нысанның жалпы аумағы — 30 мың шаршы метр. Жоба өнеркәсіпті дамытуға және шағын әрі орта бизнесті қолдауға бағытталған: кәсіпкерлер бастапқы шығындарын азайтып, өндірісті жедел іске қоса алады.

– Біз нысан корпусының дайын екенін, жабдықтардың жеткізіліп, орнатылып жатқанын көрдік. Мұнда жүк көліктері мен арнайы техникалар өндірісі ұйымдастырылады — бастапқыда құрастыру жүргізіліп, кейін кезең-кезеңімен терең локализацияға көшу жоспарланған. Сонымен қатар, тағы бір жоба — Qarmet компаниясының қажеттіліктеріне арналған ірі өнеркәсіптік ыдыстар өндірісі. Бұл импортты алмастыру бағытындағы маңызды қадам, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Аймақ басшысы өзге де инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысын қарап шықты.

Атап айтқанда, жылуоқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт іске қосылуға дайындалуда — алаңда жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорында шамамен 200 жаңа жұмыс орны ашылады, ал өндіріс айналасындағы сервистік ұйымдарда тағы мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

HOWO брендімен жүк көліктерін шығару жобасы да белсенді кезеңде. Жобаны іске асыру 24 млрд теңге инвестиция тартуға және мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 10 мыңға дейін техника өндіретін болады.

Құбыр өндірісін дамыту да жалғасуда. Зауыттың жобалық қуаты жылына 300 мың тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта шағын диаметрлі құбырлар өндірісі жолға қойылған, ал жақын арада диаметрі 630 мм-ге дейінгі ірі құбырларды игеру жоспарланып отыр. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен құрылыс салаларындағы отандық өндірістің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.