Аягөздің жас өнертапқышы: пластиктен берік жол салудың тың әдісі

Фото: Canva

Аягөздің алғыр қызы, 10-сынып оқушысы Аружан Қабдұлмаратова табиғатқа жанашыр жүрегі мен ізденімпаздығының арқасында ерекше жоба ұсынды. Ол күнделікті тұрмыста жиналатын пластик қалдықтарға жаңа өмір сыйлап, оларды жол құрылысына қажетті асфальт құрамына енгізудің тиімді әдісін ойлап тапқан.

Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл идея Аружанның көкейінде бір күнде пайда бола салған жоқ. Ол 7-сыныптан бастап осы бағытта үздіксіз зерттеу жүргізіп, тәжірибе жасап, пластикті қайта өңдеудің түрлі жолдарын қарастырды. Соның нәтижесінде экологиялық тұрғыдан тиімді әрі берік жол жабынын жасауға мүмкіндік беретін тың тәсілге қол жеткізді.

Жас өнертапқыш мұнымен тоқтап қалмай, болашаққа батыл қадам жасауды көздейді. Оның жоспарына арнайы автономды роботтар жүйесін енгізу де кіреді. Аружанның айтуынша, «А» роботы жолдағы ақауларды анықтап, оларды дер кезінде тіркесе, «В» роботы сол ақауларды жедел түрде жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл – жол күтімін жаңа деңгейге көтеретін ақылды технология болмақ.

Мамандардың пікірінше, мұндай экологиялық асфальттың қызмет ету мерзімі 12–18 жылға дейін жетеді, ал сапасы жоғары түрлері 20–25 жылға дейін төтеп бере алады. Бұл – табиғатты қорғаумен қатар, инфрақұрылым сапасын арттыруға қосылған үлкен үлес.

Аружанның еңбегі – тек ғылыми жетістік емес, ол жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігінің жарқын көрінісі.