Қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Тбилисиде өтіп жатқан әлемдік Grand Slam турнирінде алтын жүлде үшін таласады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Нұрқанат 66 келіге дейінгі салмақта финалда әзербайжандық Турар Байрамовпен татамиге шығады.
Н.Серікбаев айтулы дода барысында франциялық Дрисс Массон Жбилоу, әзербайжандық Рашид Елкиев, ширек финалда кипрлік Петрос Шрицодоулидесті тізе бүктірді. Жартылай финалда Grand Slam турнирінің төрт дүркін жүлдегері, испаниялық Дэвид Гарсиа Торнеден айласын асырды.
Тағы бір қазақстандық Талғат Орынбасаров 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін белдеседі. Оның жұбаныш финалдағы қарсыласы — украиналық Артем Лесюк.
Жарыстың финалдық кезеңі Қазақстан уақытымен сағат 18.00-де басталады.