Бұқар жырау ауданының Доскей ауылынан шыққан жас орындаушы Кәусар Ерғазиева ақын Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығына арналған «Домбырамен өрілген жыр» республикалық байқауында жеңімпаз атанды. Шығармашылық дода Астана қаласында өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды балаларды біріктірді.
Кәусар «Домбырамен өрілген жыр» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленді. Ол Ілияс Жансүгіровтің «Домбыра» өлеңіне жазылған әнді орындады. Әннің музыкасын композитор Серікжан Әбдінұров жазған. Жас әншінің шынайы әрі әсерлі орындауы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Байқауға дарынды оқушыны Доскей ауылының Мәдениет үйіндегі «До мажор» вокал үйірмесінің жетекшісі Дариға Біләлова дайындады.
— Кәусар бала кезінен сахнаға жақын. Өте еңбекқор, музыканы жақсы көретін, үнемі дамуға ұмтылатын бала. Кәусар ән салғанда шынайылық пен жан дүниесі анық сезіледі. Алда оны әлі талай әдемі өнер додалары мен жарқын жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін, — дейді жетекшісі.
Кәусар Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің тоғызыншы сыныбында оқиды. Ол кішкентайынан вокалмен айналысады. Доскей ауылындағы «Мирас» өнер мектебінің вокал бөлімін тәмамдаған. Сонымен қатар «Балдәурен» би ансамблінің мүшесі. Тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін Тәттімбет атындағы өнер колледжіне түсіп, талантын әрі қарай дамытып, өмірін музыкамен байланыстыруды жоспарлап отыр.
«Домбырамен өрілген жыр» республикалық байқауы бірнеше бағыт бойынша өтті: Ілияс Жансүгіровтің өлеңдерін мәнерлеп оқу, оның мәдени мұрасы туралы эссе жазу, ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындау және авторлық поэтикалық арнаулар. Қатысушылар тек өнерлерін ғана емес, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі — Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығын қаншалықты меңгергендерін де көрсетті.

