BANNER

Атырауда 15 жастағы оқушы қыз жоғалып кетті

Фото: Life09

Атыраудағы “Жайық-Бином” мектебінің 15 жастағы оқушысы Інжумаржан Қуанышқызына іздеу жарияланды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Қыздың анасы Ғалия Тұяққалиеваның айтуынша, оқу жылының басында қызы жаңа мектепке ауысқан. Кейін ол тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарымен жанжалдасып, содан соң сыныптастарынан оған қарсы түсініктеме жазу жинала бастаған. Анасының сөзінше, отбасына мектептен құжаттарын алып кету ұсынылған.

19 ақпанда мектептен қоңырау түскен. Келесі күні қыз мектепке барып, оқушылардың түсініктемелері көрсетілгеннен кейін үйіне оралған. Алайда, біраз уақыттан соң қайта шығып кетіп, содан бері хабарсыз.

Қазір жасөспірімге іздеу жарияланып, полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, 10 “П” сыныбының ата-аналары директор орынбасарының жұмыс әдістерін тексеруді сұрап, ұжымдық өтініш жолдаған.

Әзірге білім басқармасы мен мектеп әкімшілігі ресми пікір білдірмеді.