BANNER

Қарағанды облысында полиция қар құрсауында қалған көліктерді қауіпсіз алып шықты

Фото: Life09

Қарағанды облысында полиция қар құрсауында қалған көліктерді қауіпсіз алып шықты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 22 ақпаннан бастап Қарағанды облысының аумағында күшті боран соғып, көру мүмкіндігі күрт төмендеді. Қатты жел мен толассыз жауған қардың салдарынан республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар уақытша жабылып, жол қозғалысы шектелді.

Қолайсыз ауа райының салдарынан тасжолдарда шамамен 500-ге жуық жеңіл автокөлік, 350-ге тарта жүк көлігі және 20-ға жуық автобус қар құрсауында қалды. Жалпы саны 2 мыңға жуық адам жолда қалып қойды. Әсіресе Қарағанды – Астана бағытында жағдай күрделеніп, бір бағытта 700-ге жуық көлік шоғырланды.

23 ақпан күні сағат 14:00-ден бастап патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысын кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Тәртіп сақшылары көліктерді ілестіре алып жүру тәсілін ұйымдастырып, Теміртау – Астана бағытында қалған автокөліктерді полицияның бақылауымен қауіпсіз аймақтарға жеткізді.

Патрульдік полиция батальоны взводының командирі Даурен Әбдішевтің айтуынша, кейбір жол учаскелерінде қар үйінділері мен боранның салдары әлі де сақталуда.

— Біздің басты міндетіміз – азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау. Осыған байланысты жолда қалған көліктерді полицияның ілеспе алып жүруімен қауіпсіз бағыттарға жеткізу жұмыстары жалғасуда, — деді ол.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күшейтілген режимде тәулік бойы қызмет атқарып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

Полиция жүргізушілерге маңызды ескертулер жасайды:

Дауылды ескерту жарияланған кезде алыс сапарға шығудан бас тартыңыз;

Жолға шығар алдында автожолдардың жағдайын ресми дереккөздер арқылы нақтылаңыз;

Көлігіңізді қысқы маусымға толық дайындап, жанармай қорын жеткілікті деңгейде қамтамасыз етіңіз;

Өзіңізбен бірге жылы киім, ауыз су және толық қуатталған байланыс құралдарын алып жүріңіз;

Боран кезінде жылдамдықты төмендетіп, қауіпсіз арақашықтықты сақтаңыз.

Табиғаттың тосын мінезі сынға салған сәтте сабыр мен сақтық – қауіпсіздіктің басты кепілі. Жол үстіндегі әрбір шешім адам өміріне тікелей әсер ететінін ұмытпаған жөн.