Ел азаматтары мен сарапшылардың Конституциялық реформаға қатысты ұсыныстарын талқылау белсенді кезеңінен өтіп, енді оларды нақты жүзеге асыру жұмыстары басталады. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин айтып, әлеуметтік желілерде туындап жатқан сұрақтар мен пікірлерге қатысты өз ойын білдірді.
Мемлекеттік кеңесші атап өткендей, жаңа Ата заңның мәтіні жарияланғаннан бері қоғамда қызу талқылау жүрді. Қазақстандықтардың конституциялық реформаға қатысты белсенділігі әртүрлі платформаларда көрініс тауып, мыңдаған ұсыныстар қабылданды.
«Ел азаматтары е-Otinish және e-Gov платформаларындағы «Конституциялық реформа» арнайы бөлімі арқылы жаңа Конституцияға қатысты ұсыныстарын жолдап жатыр. Бір апта ішінде 4 мыңнан аса ұсыныс келіп түсті. Жаңа Ата Заңның мәтіні жарияланғаннан кейінгі бастапқы үш күнде күніге 1 мыңнан астам өтініш жолданса, одан кейінгі күндері өтініштер саны 500-ге дейін төмендеді. Ал кеше 100-ден аса ұсыныс келіп түсті. Бұл не дегенді білдіреді? Яғни, азаматтар жаңа Конституцияға қатысты өз ұстанымдары мен көзқарастарын негізінен толық қалыптастырды», – деді ол.
Сонымен қатар, Комиссия отырысы барысында әлеуметтік желілерде конституциялық өзгерістерге қатысты сұрақтар мен пікірлердің кездесетіні айтылды. Ерлан Карин бұл мәселегеде кеңінен тоқталды.
«Әлеуметтік желілер арқылы да пікір білдіріп жатқан адамдар бар. Мағынасы шамамен мынадай: «Жаңадан велосипед ойлап тапқанша, дамыған елдердің тексерілген, уақыттың сынынан өткен, жұмыс істеп тұрған Конституцияларын неге жай ғана көшіріп алмайсыздар?!». Және осы пікірді бір емес, бірнеше рет әртүрлі жерде қайталапты – посттың астына да қалдырыпты, жекеме де жазыпты», – деді ол.
Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, мұндай сұрақтар қойылса, демек қоғамда, аз болса да, осылай ойлайтын азаматтар бар екенін көрсетеді. Белгілі бір топтың көзқарасын білдіреді. Сондықтан ол өзге елдің Конституциясын неге жәй ғана көшіріп алуға болмайтынын түсіндіріп кетті.
«Біріншіден, Конституция – әр елдің айнасы. Өзге елдерде біздің мәдениетке, біздің құндылықтарға сай келмек түгілі, мүлдем жат, қайшы нормалар бар. Біз оларды қалайша қабылдауымыз керек? Біз, керісінше, жаңа Ата Заңда төл мәдениетке, төл құндылықтарға қарама-қайшы келетін дүниелерге тосқауыл қойып отырмыз. Екіншіден, бірдей мәтін бірдей нәтиже бермейді. Сондықтан, ең бастысы, мәселе мәтінде емес, мәселе – ондағы нормалардың қалай жүзеге асырылатындығында. Үшіншіден, біз өз тағдырымызды, өз болашағымызды өзіміз анықтаймыз. «Біз кімбіз? Біз қайда барамыз?» деген сұрақтарға өзге біреу сырттан емес, өзіміз тікелей жауап береміз. Сол үшін де оны жаңа преамбулада жариялап отырмыз», – деп Мемлекеттік кеңесші нақты және объективті себептерді алға тартты.
Ерлан Карин тоқталып өткен тағы бір мәселе – Комиссияның құрамына қатысты. Ол қолданыстағы Конституцияны үш шетелдік сарапшыны қосқанда неге тек 12 адам жазғанын, ал жаңа Ата Заңды 130 адамнан тұратын комиссияның әзірлеуінің логикасы мен себептерін түсіндірді.
«Қазір еліміздің жаңа Конституциясын осыдан отыз жыл бұрынғыдай жабық кеңседегі 12 адам емес, әрбір өңірден жиналған, түрлі саланың өкілдерінен құралған, тікелей эфирде, ашық форматта жұмыс істейтін 130 адамнан тұратын ауқымды Комиссия жазып жатыр. Арамызда бірде-бір шетелдік азамат жоқ. Өз Ата Заңымызды, өз құқықтық жүйемізді өзіміз жасайтын қабілетіміз бар. Яғни, жаңа Ата Заң Қазақстанның мемлекеттілігі, орнықтылығы тұрғысынан, өз мүддесі тұрғысынан әзірленуде. Бізге біреу сырттан келіп ақыл айтып жатқан жоқ. Сол үшін де тағы да қайталап айтамын, бұл шын мәнінде – халықтық Конституция», – деп ол өз сөзін түйіндеді.
