BANNER

Бұқар жырау ауданындағы 26 ауылда модульдік ветеринариялық пункттер салынады

gov.kz

Қарағанды облысында ветеринариялық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамалары аясында Бұқар жырау ауданының 26 ауылында заманауи үлгідегі модульдік ветеринариялық пункттер орнату көзделіп отыр. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, салалық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Бұқар жырау ауданы әкімдігінің мәліметінше, жоба екі жылдық кезеңге жоспарланған. Биыл 14 ауылда жаңа нысандар пайдалануға берілсе, қалған 12 модульдік пунктті 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Модульдік формат мамандардың тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап, алдын алу және профилактикалық іс-шараларды қысқа мерзімде ұйымдастыруға жол ашады.

«Ауданда мұндай нысандарды енгізу тәжірибесі бұрыннан бар. 2023 жылдан бері Ботақара кентінде, сондай-ақ Көкпекті және Үміткер ауылдарында ветеринариялық пункттер жұмыс істеп келеді. Олар өз тиімділігін дәлелдеп, ауыл тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие», – деп хабарлады аудан әкімдігінде.

Қазіргі уақытта жаңа модульдік ветеринариялық пункттерді орналастыру үшін жер учаскелерін айқындау бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар атқарылуда. Жобаны жүзеге асыру биологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі саналатын мал шаруашылығын дамытуға қосымша серпін беруге бағытталған.

Дереккөз: Gov.kz