BANNER

«Тегін кітаптар» қауіпті аяқталуы мүмкін: орталық интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертеді

Фото: ЖИ Canva

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне қарасты Қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қылмыстық қатерлер мен тәуекелдерді болжау орталығы интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғаны жөнінде ескертеді, деп хабарлайды "Life09" ақпарат агенттігі.

Шетелдік дереккөздердің (VZ.ru, IXBT.com) мәліметінше, алаяқтар Telegram мессенджерінде тегін электронды кітаптар ретінде жасырылған зиянды файлдарды таратып жүр.

Алаяқтық схемасы қарапайым: пайдаланушыға шектеусіз қолжетімді үлкен электронды кітапхана туралы хабарлама келеді. Қажетті кітапты сұратқаннан кейін бот нағыз сервисті имитациялап, кітаптың қысқаша мазмұнын ұсынады. Алайда кітаптың орнына «арнайы қосымша» деген атаумен вирусы бар файл жіберіледі.

Мұндай файлды орнату ауыр салдарға әкелуі мүмкін: құпиясөздер мен қаржы деректерінің ұрлануы, хат-хабарлар мен фотосуреттерге қолжетімділік, смартфонды қашықтан басқару және жеке мәліметтердің жоғалуы.

Мамандар ресми емес дереккөздерден алынған қосымшаларды орнату елеулі қауіп төндіретінін еске салады. Кибергигиена талаптарын сақтау және жеке сақтық — осындай қауіптерден қорғанудың негізгі жолы болып қала береді.