Қарағанды облысында балалар денсаулығы саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған оқу-әдістемелік орталық өз жұмысын бастады. Жаңа орталық денсаулық сақтау басқармасының базасында құрылып, медицина қызметкерлерінің барлық деңгейін — орта буын мамандарынан бастап дәрігерлер мен денсаулық сақтау жүйесінің басқарушыларына дейінгі мамандарды қамтиды. Басты мақсат — балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, сондай-ақ нәресте мен бала өлімін азайту.

— Бұл орталық балалар медицинасының негізгі бағыттары бойынша мамандардың біліктілігін жүйелі түрде арттыратын тұрақты алаңға айналады. Сонымен бірге психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерді даярлау жоспарланып отыр. Бұл отбасыларды сүйемелдеуде кешенді, командалық тәсілді қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Оспанова.

Орталықты дамытудағы маңызды қадамдардың бірі — көпсалалы облыстық балалар клиникалық ауруханасы мен медициналық университет арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Бұл әріптестік ғылыми-әдістемелік қолдауды күшейтіп, бейінді сарапшыларды тартуға және кадр даярлау процесіне заманауи клиникалық тәсілдерді енгізуге жол ашады.

Оқу бағдарламасы үш негізгі бағытты қамтиды: балалардың ауруларын интеграцияланған басқару, патронаждың әмбебап-прогрессивті моделі және балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету. «Бала айналасындағы команда» қағидаты аясында медициналық, әлеуметтік және білім беру қызметтерінің өзара ықпалдастығына ерекше мән берілген.

— Сабақтар интерактивті форматта өтеді. Орталықта арнайы жабдықталған кабинеттер бар, балалар тамақтануы бойынша ресурстық орталық, сондай-ақ ауыз арқылы регидратация пункті жұмыс істейді. Бұдан бөлек, балаларға шұғыл көмек көрсету және жедел жәрдем фельдшерлерін даярлау жеке бағыт ретінде қарастырылған, — деп атап өтті оқу-әдістемелік орталықтың әкімшісі Диана Виник.

Алғашқы тыңдаушылар оқу процесінің практикалық маңызын жоғары бағалап отыр.
— Біз медициналық сұрыптау, сондай-ақ ерте жастағы балалардағы күрделі жағдайларды анықтау мәселелерін жан-жақты қарастырдық. Курстар алған білімді жүйелеуге мүмкіндік беріп, күнделікті жұмыста ескерілуі қажет жаңа маңызды тұстарды көрсетті, — деді облыстық жедел медициналық көмектің №5 қосалқы станциясының фельдшері Татьяна Дубовец.

Оның әріптесі Милана Бейсова да шеберлік сабақ теория мен тәжірибені ұштастырған тиімді форматта өткенін атап өтті.
— Оқыту түсінікті әрі мазмұнды болды. Балалардың ауруларын интеграцияланған басқару элементтерін бірден тәжірибеде қолдануға болады, — деді фельдшер.
Жаңа оқу-әдістемелік орталық алдағы уақытта балаларға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған кәсіби даму мен тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналмақ.
Дереккөз: Gov.kz
