BANNER

Әр ауылға 50 кітап: Қарағандыда ауылдық өңірлерде оқу мәдениетін дамыту жобалары талқыланды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағандыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада BookTalk форматы бойынша «Кітап. Ой. Диалог» кездесуі өтті. Іс-шара жастар арасында оқу мәдениетін насихаттауға және ашық қарым-қатынас мәдениетін дамытуға арналды.

Іс-шараның негізгі спикері Алматы қаласынан келген Данияр Жігітбек болды. Ол — Kitapal Club клубының негізін қалаушы, бірнеше кітап авторы, «Кітап ал» және «Ауылға кітап» республикалық әлеуметтік жобаларының жетекшісі, Kitapal подкастының HR-директоры және президенті.

Баяндамасындп спикер кітаптың адамның ойлау қабілетін, жеке тұлғаның өсуін және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жүйелі оқу адамның салмақты шешім қабылдау қабілетіне, кәсіби дамуына және өмірлік мақсаттарын саналы түрде құруына тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, спикер жастар арасындағы оқуға қызығушылықтың төмендеу мәселесіне және ауылдық жерлердегі кітап қорларының жағдайына назар аударды.

Ашық диалог форматында қатысушылар қазіргі жастардың оқу әдеттері, сұранысқа ие жанрлар, мотивациялық және көркем әдебиеттің рөлі, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерді оқу мәдениетіне тарту жолдары туралы пікір алмасты.

Іс-шарада клубтың «Кітап ал» жобасының Қарағанды бағытындағы үйлестірушісі Ойрат Жұмаш бастамаларды тәжірибе жүзінде іске асыру жайлы айтты. Клуб жобалары ауылдық кітапханаларды әдебиеттермен қамтамасыз етуді де қарастырады. Ойрат Жұмаштың айтуынша, қазіргі таңда Қарағанды облысында кітаптар 11 ауылдық елді мекенге жеткізілген. Әр ауылға шамамен 50 дана кітап беріледі. Әдебиеттер тегін таратылады және олардың сапасы мен өзектілігі ескеріле отырып таңдалады.

— Жоба өңірде екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Қарағандыда бүгінгі күні кітап клубында шамамен 100 қатысушы бар. Қаржыландыру механизмі қарапайым және ашық: шығынның бір бөлігі демеушілер есебінен жабылады, қалғанын біздің компаниямыз өз мойнына алады. Біз кітаптарды мұқият таңдаймыз — бұл сапалы аударылған шетелдік басылымдар, қазақ тіліндегі қазақстандық авторлардың шығармалары, сондай-ақ жастарға қызықты қазіргі әдебиет, - деді Ойрат Жұмаш.

Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша, Қазақстан бойынша «Ауылға кітап» жобасы аясында кітаптар 534 ауылға жеткізілген. Өткен жылы ғана еріктілер 102 ауылды қамтыған, ал кітаптарды сатып алу және жеткізуге жұмсалған жалпы шығын шамамен 87 миллион теңгені құраған. Елімізде шамамен 6200 ауылдық елді мекен бар, бұл жобаның ауқымдылығын және оны әрі қарай дамыту қажеттілігін көрсетеді.

Қатысушыларға «Ауылға кітапхана» атты жаңа жоба да таныстырылды. Ол ауылдардағы пайдаланылмай жатқан ғимараттарды қалпына келтіріп, олардың негізінде заманауи коворкинг форматындағы кітапханалар құруды қарастырады. Мұндай алаңдарды тек оқу үшін ғана емес, кездесулер, пікірталастар және білім беру іс-шаралары үшін де қолдану жоспарланып отыр.

Іс-шараға «Жыр-Жауһар» әдеби-өлең клубының мүшелері, тарихи-өлкетану клубының қатысушылары, Қарағанды медицина университетінің студенттері және қалалық кітапхана оқырмандары қатысты.