BANNER

Қарағандылық самбошылар Қазақстан чемпионатына дайындалып жатыр

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағандылық самбошылар жаңа маусымды облыстық чемпионаттан бастады. Теміртаудағы «Жауыртау» спорт кешенінде өткен жарыста өңірдің барлық аймағынан келген 18 жастан асқан 200 спортшы ең мықты атағына таласты.

Жарыс қатысушылары әртүрлі салмақ дәрежесінде сынға түсті: 58 келіден +98 келіге дейін.

Нәтижесінде чемпион атанғандар: Жандос Бейсембаев (64 кг), Әділет Елемесов (58 кг), Ниетхан Төлеухан (79 кг), Болат Сапар (+98 кг), Бекзат Шорабаев (71 кг) және Марлен Жанғабыл (88 кг).

– Чемпионат менің үмітімді ақтады. Бұл – ақпан ортасында Қарағандыда өтетін Қазақстан чемпионатына іріктеу туры. Біздің спортшылар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы Ниетхан Төлеухан мен қола жүлдегер Жандос Бейсембаев бар, сондай-ақ ұлттық құраманың мүшелері бар. Сондықтан республикалық жарыста аймақ намысын лайықты қорғауға барлық мүмкіндік бар деп ойлаймын, – дейді облыстың аға бапкері Дәурен Адамбаев.

Биыл қарағандылық самбошылар Қазақстан құрамасы атынан әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Жарыс қараша айында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтеді және оған самбо мен жауынгерлік самбо бойынша ел спортшылары қатысады.

Сонымен қатар қарағандылықтардың жоспарына жағажай самбосы бойынша Қазақстан чемпионатына қатысу да кіреді. Ол маусым айында Қапшағай су қоймасында өтеді. Кейін Бразилияда осы спорт түрі бойынша әлем чемпионаты ұйымдастырылады.