BANNER

«Шахтёр» ФК бас бапкері жаңа маусым алдындағы селекция мен оқу-жаттығу жиындары жайлы айтты

Фото: «Шахтёр» футбол клубының баспасөз қызметі

Қарағандылық «Шахтёр» футбол клубы алдағы маусымға дайындықтың кезекті кезеңін бастады. Команда 22 қаңтарға дейін жалғасатын оқу-жаттығу жиындарын Түркияда өткізіп жатыр.

Клубтың басты басымдығы – жас ойыншылар. Сырт алаңдағы жиынға 29 футболшы шақырылған, олардың тең жартысына жуығы 21 жасқа толмаған спортшылар.

Желтоқсан айында «кеншілер» Шымкент қаласында екі толыққанды оқу-жаттығу жиынын өткізген болатын. Түркиядағы жиын халықаралық сипатқа ие және команданы барлық бағыт бойынша жүйелі түрде дайындауға бағытталған.

– Командадағы жалпы ахуал жақсы. Оқу-жаттығу жиындарының негізгі мақсаты – маусымға кезең-кезеңімен дайындалу. Шымкентте селекциялық-таныстыру кезеңінде басталған жұмыс мұнда жалғасын табуда. Әр ойыншымен жеке жұмыс істеп, олардың мүмкіндіктерін тереңірек зерделейміз. Негізгі назар физикалық дайындыққа аударылады. Сонымен қатар техникалық-тактикалық дайындық, күштік жаттығулар, жалпы төзімділік пен тактикалық өзара іс-қимылдарды жетілдіру жоспарланған, – деді «Шахтёр» ФК бас бапкері Дмитрий Огай.

Бапкердің айтуынша, Түркиядағы жиынға болашағынан үміт күттіретін бірқатар жас футболшылар да қатысып жатыр.

– Бізбен бірге арнайы іріктелген жас ойыншылар келді. Бұл – клуб ерекше сенім артып отырған буын. Олардың қатарында жасөспірімдер құрамасының ойыншысы Әли Ақылбаев пен QJ League-дегі нәтижелі ойынымен танылған, өткен маусым қорытындысы бойынша турнирдің үздік сұрмергендерінің бірі атанған Глеб Макридов бар, – деп нақтылады ол.

Дмитрий Огай селекциялық жұмыстың бір маусыммен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, командадағы бәсекелестік үнемі сақталады, ал сапалы әрі мықты футболшылар ұжым қатарын толықтыра береді.

Маусым басталғанға дейін Түркияда тағы екі оқу-жаттығу жиынын өткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, Шымкентте немесе Астанада қосымша бір жиын ұйымдастыру мүмкіндігі де қарастырылуда.