BANNER

Қарағанды облысында жаңа өндірістер іске қосылып, шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылуда

Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің сайтынан

Қарағанды облысының өнеркәсіптік секторы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Өңірде 25 ірі инвестициялық жоба іске қосылды, тағы 15 жоба келесі жылы жүзеге асырылмақ. Экономикалық және индустриялық аймақтар өңір экономикасының тірек нүктелеріне айналып, кәсіпорындар саны мен жұмыс орындары қатар өсуде.

Өңдеуші өнеркәсіпте металлургия, құрылыс индустриясы, химия, резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі, сондай-ақ машина жасау салаларында өсім байқалады. Негізгі үлесті бұрынғыдай жүйе құраушы кәсіпорындар — Qarmet және «Қазахмыс» қамтамасыз етеді.

Металлургиямен қатар машина жасау, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі де ілгерілеп келеді. 10 айдың қорытындысы бойынша QazTehna зауытында 2 мың автобус пен арнайы техника, Tengri Tyres-те жарты миллионға жуық автокөлік шинасы, Silk Road Electronics-те 250 мың дана тұрмыстық техника өндірілді.

Аймақта 25 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылды, оның 17-сі өнеркәсіпке тиесілі. Негізгілерінің қатарында — Qaragandy Power Silicon компаниясының екі пешін іске қосу, Tau-Ken Temir-де металлургиялық кремний өндірісін қалпына келтіру, сондай-ақ Saran индустриялық аймағында Қазақстанның ыстық мырыштау зауыты мен ТЭМПО-Казахстан тік жіксіз құбыр шығаратын кәсіпорынның ашылуы бар.

– Saran индустриялық аймағында кәсіпорындардың іске қосылуы бізге жүйе құраушы компанияларға тәуелділікті азайтып, экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұл — қолданыстағы зауыттар да, жаңа өндірістер де. Жалпы алғанда, жаңа жобалар өнеркәсіптегі өсімді 5–10 пайыз көлемінде қамтамасыз етіп отыр, – деді кәсіпкерлік және индустрия басқарма басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов. – Инвестициялық жобаларды іске асыру аясында 2800 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кәсіпорындар жобалық қуатқа шыққан сайын бұл көрсеткіш арта береді.

Келесі жылға жоспарланған инвестициялық пулда 15 жоба бар. Олардың ішінде Karaganda Insulation жылуоқшаулағыш материалдар өндірісін іске қосу, Saran Machinery-де Howo және SITRAK жүк көліктерін құрастыру, Eurasia Tech-та жеңіл автокөлік шығару бар. Сонымен қатар Asia FerroAlloys кәсіпорнын жаңғырту және жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу жоспарланып отыр.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасалған: «бір терезе» қағидаты бойынша Инвесторларды қолдау орталығы жұмыс істейді, инвестиция тарту жөніндегі кеңес қызмет көрсетеді.

Шағын және орта бизнес те оң серпін көрсетуде. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 700-ге жуық жоба субсидияланды. ШОБ субъектілерінің саны 102 мыңға жетті. Кәсіпорындар өндіріс желісін кеңейтіп, жаңа бағыттарды игеріп жатыр. Kaz-metiz компаниясы өндірісті ұлғайтып, сым шығару желілерін іске қосты. Жеңіл өнеркәсіпте «Эгофом» полиуретан көбігін өндіруді дамытып келеді. WEC Trade өңірлік бағдарламалардың арқасында қуатын арттыруда.

Өңірде пилоттық режимде үш шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылуда. Саранда тұрмыстық техника бөлшектерін шығаратын OptimTech алаңы құрылуда. Қарағандыда Exim Star Kazakhstan және «Строй Сервис Караганда» кешендері салынып жатыр — олар металды өңдеу, резеңке-техникалық бұйымдар, тұрмыстық химия, металл конструкциялары және құрылыс материалдарын өндіретін болады.

— Шағын өнеркәсіптік аймақтар шағын және орта бизнес үшін икемді инфрақұрылым ретінде құрылады: олар өндірісті тез іске қосуға және оны кеңейтуге мүмкіндік береді. Нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Қазір аумақты кәсіпкерлермен толтыру және жалға алушыларды тарту жүріп жатыр, - деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары. - МӨА құру жұмысы Индустрия министрлігі және Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жалғасады. Өтінімдер берілді, жобаларды кеңейту келесі жылға жоспарланған.

Өңірдің экспорттық белсенділігі артып келеді. Қарағанды облысының өнімдері әлемнің 70 еліне жөнелтіледі. Негізгі экспорттық позициялар — ферросплавтар, көмір, машина жасау және металлургия тауарлары. Басты нарықтар — Ресей, Қытай және Еуропалық одақ елдері.

Дереккөз: gov.kz