BANNER

«Көлеңкеде» қалған қызмет

Фото: Life09

Қарағандыда Е.А. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-дың заң факультетінің студенттері ерекше тәжірибе жинады. «Құқық тәртібі әліпбиі» жобасы аясында олар бір күн бойы полиция қызметкерлерімен қатар жүріп, құқық қорғау саласының жұмыс барысымен таныса алды.

Іс-шара Полиция департаментіндегі музейден басталды. Қатысушыларға құқық қорғау органдарының тарихы, арнайы бөлімдердің қару-жарағы, криминалистикалық полигон мен жылжымалы зертханалар көрсетілді. Кинологтар жұмысы да жастарға ерекше әсер сыйлады.

Одан кейін студенттер 11 түрлі бөлімге бөлініп, нақты жұмыс барысына араласты. Ювеналды полиция, көші-қон қызметі, Жедел басқару орталығы және арнайы жедел әрекет ету жасағының ішкі тәртібімен танысты. Әр қызметтің тәртіпті қамтамасыз етудегі рөлін өз көздерімен көрді.

Жоба қорытындысында қатысушылар алған әсерімен бөлісті. Көпшілік құқық қорғау саласына деген көзқарасының өзгергенін айтып, мұндай тәжірибе жас заңгерлер үшін аса қажет екенін жеткізді.

Бұл бастама – қоғам мен полиция арасындағы байланысты нығайтудың, өзара сенімді арттырудың тиімді жолы ретінде бағаланды.

Автор: Жан Тілеуқұлұлы