BANNER

Арқа қысы биыл бұрынғыдан жылырақ болмақ: коммуналдық қызметтер жаңа маусымға дайын

Фото: Canva

Артық-кемі жоқ алты ай бойы ақ ұлпаға оранатын Арқаның қаһарлы қысы жыл сайын өз ауыртпалығын көрсететіні белгілі. Аяз бен боран - бұл өңірдің ажырамас белгісі. Алайда синоптиктердің айтуынша, биылғы қыс әдеттегіден сәл жұмсақ болмақ.

Синоптиктер болжамы: қыста жылымық жиі болуы мүмкін

Ауа райын болжау бөлімінің басшысы Айжан Қосыбаева алдағы маусымға қатысты мынадай мәлімет берді:

«Маусымдық болжамға сүйенсек, биылғы қыс қоңыржай жылы болады деп күтіледі. Дегенмен кей кездері қарлы боран, қатты жел, көктайғақ, тұман секілді ауа райы құбылыстары орын алады. Қыс бойы температураның ауытқуы да күтіліп отыр, бұл қар жамылғысында мұз қабатының пайда болуына әсер етуі мүмкін», - деді ол сұхбатында.

Қозғалыс қауіпсіздігі - басты назарда

Қыс мезгілі тек аязымен емес, қалың қар мен көктайғақпен де есте қалады. Сондықтан қалалық жолдардың тазалығы мен қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету - коммуналдық қызметтердің басты міндеті.

Қазыбек би ауданы әкімдігі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Амантай Рашитов биылғы маусымға дайындық туралы:

«Мердігер ұйым екі ауысымда жұмыс істейді. Бірінші ауысым - таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін, екінші ауысым - кешкі 7-ден таңғы 5-ке дейін. Қолымызда 190 дана техника бар, жұмыс күші жеткілікті. Қатты боран кезінде қосымша техника тартылады», - деп мәлімдеді.

Әлихан Бөкейхан ауданы: 16 мың тонна тұз-құм қоспасы дайындалды

Аудан әкімдігі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Азат Ақыновтың айтуынша, қысқы маусымға дайындық толыққанды жүріп жатыр:

«Ауданымыз 14 учаскеге бөлінген, онда 11 ұйым жұмыс істейді. Күндізгі ауысымда 80-90 арнайы техника мен 100-110 қызметкер жұмылдырылады. Түнгі уақытта 50-60 техника жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 16 мың тонна тұз-құм қоспасы дайындалған, қажетті техника алынған. Тұрғындар шағымы түсе қалса, диспетчерлік қызмет дереу әрекет етеді», - деді ол.

Арқа қысының өз әсемдігі бар

Қаншалықты қаһарлы болғанымен, Арқаның қысқы табиғаты әрдайым ерекше. Ақ қарда серуендеу, отбасымен немесе достармен көңілді уақыт өткізу - бұл маусымның басты қуанышы.

Алдағы қысты сақтықпен де, жақсы көңіл күймен де қарсы алып, қауіпсіздікті ұмытпайық.

 

Фото: Айдана Таңатар