Қарағанды қаласындағы Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451 әскери бөлімінде жаңа қызметтік техниканың кілттерін табыстау рәсімі өтті. Бұл – бөлімнің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі.
Салтанатты іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы келіп, әскери қызметкерлерді құттықтап, жылы лебізін білдіріп, қызметтік автокөліктердің кілтін салтанатты түрде табыстады.
– Жаңа техникалар әскери бөлімнің қызметтік әлеуетін арттырып, өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тиімділікті күшейтеді. Бұл - біздің жауынгерлерге көрсетілген нақты қолдау, - деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жалпы, бөлімге 21 бірлік қызметтік техника берілді. Оның ішінде 4 автобус Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен бөлінсе, қалған арнайы және қызметтік автокөліктерді ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы берген.
5451 әскери бөлім командирінің айтуынша, бұл техника күнделікті қызметтің сапасын арттырып, жауынгерлердің жедел іс-қимыл қабілетін нығайтады.
– Қызметтік техниканың жаңартылуы – әскери бөлімнің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл қолдау үшін аймақ басшылығына және Бас қолбасшылыққа алғысымызды білдіреміз, - деді ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Сакентай Шекарбеков.
Жаңартылған автопарк – мемлекеттің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуші құрылымдарына деген қолдауының нақты көрінісі.
Автор: Жан Тілеуқұлұлы
