Темекі қорабының сыртында "Шылым шегу сіздің денсаулығыңызға зиян" деген ескерту тұрса да осынау жаман әдеттен арыла алмай жүрсіз бе? Бәлкім, бірнеше мәрте оқталып, темекіге қолыңызды әлі де созып қоясыз ба? Онда мына әдіс тап сізге арналған.
54 жасар Ібірахым Юджел темекі тастаудың бірнеше әдісін қолданып көрген. Мұнысынан түк те шықпапты. Басынан бастап жазайықшы.
Ибрагим ес білгелі әкесі темекі түтінін мұрнынан будақтатып отыратын. Сол әкесі өкпе рагынан қайтыс болған кезде ғана "Осы шылымы құрығырды тастау керек" деген ой басына "дың" ете қалды. Бірақ, ішкі күшің болмаса бұл оңай шаруа емес екен. Кітап пен журналдағы, ғаламтордағы танымал әдістің ешқайсысы Ібірахымға көмектеспеді. Жасынан қанына сіңген әдетті 42 жаста тастап кетуі қиын екенін сезген Ібекең өзі үшін ең қатаң қадамға барды. Басына кәдімгі мыс сымнан жасалған тотықұстың кілеті секілді арнайы құрылғы тоқып алды.
Жұмыс үстінде, демалыс арасында шылым шегіп қоймас үшін ұйқыдан оянысымен басына кілетін киіп, артынан құлыптатып алады. Өздеріңіз сезгендей жатарда және тамақтанарда ғана кілет шешіледі. Оны ашатын кілт тек қызы мен әйелінде ғана. Жан тәтті ғой. Көрші қолаңның, айналасындағылардың күлкісін керек те қылмады.
Бәлкім, тап осы әдістің арқасында ғана кейіпкеріміз арамызда, арамызда болғанда Түркияда әлі де өмір сүріп жатқан болар...
Темекі тастауды 42 жасында, яғни, 2013 жылы қолға алған Ібрахым басындағы кілетін әлі де шешпепті деседі. Мүмкін, сіз жарты жыл ғана киерсіз... Байқап көріңіз...
