BANNER

Астаналық оқушы зағип жандарға арналған "ақылды" көзілдірік ойлап тапты

Фото: Canva.com

Астанадағы Қошке Кемеңгерұлы атындағы №49 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Қуандық Әмірхан көзі нашар көретін және зағип жандарға қала ішінде қауіпсіз қозғалуға көмектесетін "ақылды" көзілдірік ойлап тапты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Жас өнертапқыштың бұл жобасы зағип жандардың өмірін жеңіл әрі қауіпсіз етуге бағытталған. Қуандық Әмірхан жасаған көзілдірік кедергілерді анықтайтын арнайы жүйемен жабдықталған: адам бір метрге жақындағанда, құрылғы қазақ тілінде дауыстап ескерту жасайды "Сақ болыңыз, алда кедергі!" дейді.  

Мектеп оқушысының айтуынша, мұндай көзілдірікті ойлап табуға көз көруі шектеулі адамдарға көмектесіп, олардың өз бетімен еркін жүруіне сенімділік беру ниеті себеп болған.

Алдағы уақытта Қуандық құрылғыны одан әрі жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктер қосуды жоспарлап отыр.

Жас астаналықтың бұл жобасы – тек технологиялық жетістік емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісі. Көзілдірік қазірдің өзінде қоғам назарын аударып үлгерді және көру қабілеті бұзылған жандар үшін пайдалы құралға айналуы мүмкін.