Қарағанды облысында жол-құрылыс маусымы мәресіне жетіп қалды. Облыс әкімдігінде биыл атқарылған жұмыстар мен әлі де жалғасып жатқан жобалардың барысы туралы баяндалды. Жалпы есеппен өңірде 637 шақырым автожол жаңартылды – республикалық маңыздағы трассалардан бастап, қалалар мен елді мекендердің көшелеріне дейін.
Облыстық маңызы бар жолдар
Биыл облыстық маңызы бар автожолдарда бірнеше жылға созылған үш ірі реконструкция жобасы толық аяқталды. Атап айтқанда, ұзындығы 20 шақырым болатын «Нұра – Осакаров» бағытының (Осакаров кентінен Қоянды ауылына қарай бұрылысқа дейінгі аралық) учаскесі, «Жартас – Долинка» жолының 21 шақырымы және «Үштөбе – Құрылыс» бағытындағы 9 шақырым жол жаңартылды.
Бұл учаскелерде жол жабыны толығымен ауыстырылып, үш қабатты асфальт төселді, заманауи жарықтандыру жүйесі, жол белгілері мен жаяу жүргіншілер тротуарлары орнатылды.
Сондай-ақ «Саран – Шахтинск» автожолының 19 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Теміртау – Ғабиден Мұстафин кенті» трассасында Нұра өзені арқылы өтетін көпірдің реконструкциясы аяқталды.
Қазір «Саран – Шахтинск» автожолындағы Шерубай-Нұра өзені үстінен өтетін көпірде және «Осакаров – Есіл» бағыты бойынша Есіл өзеніндегі көпірде жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Биыл облыстық маңызы бар 60 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Олардың қатарында Керней – Семізбұғы, Қарағанды – Доскей, Осакаров – Молодёжный және Нұра – Шахтерское бағыттары бар. Алғаш рет бұл учаскелерде орташа жөндеу кезінде екі қабатты асфальт төсеу технологиясы қолданылды – бұл жолдың қызмет ету мерзімін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Биыл сонымен қатар ұзындығы 5 шақырым болатын «Шахан – Жаңаталап» жолының реконструкциясы басталды. Қазандықтан Шахан кентіне дейінгі бөлік толық жөнделді. Жобаны 2026 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.
Қарағанды қаласы
Биыл Қарағандыда 52 көше жөндеуден өтті. Қазіргі таңда қалалық жолдардың 85 пайызы жақсы жағдайда. Жөндеу барысында жол жамылғысының төзімділігін арттыру үшін заманауи технологиялар мен арнайы полимер қоспалар пайдаланылуда.
Қазір Космонавттар көшесінде (Резник көшесінен Штурманскаяға дейінгі аралықта) жұмыстар соңғы сатыда. Сонымен қатар Волочаевская мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің арасындағы аулаішілік жолдар да жаңартылып жатыр.
Пичугин және Четская көшелеріндегі күрделі жөндеу толық аяқталды.
Ал Бөкетов көшесінде ұзындығы 2,2 шақырым болатын жаңа жол құрылысы жалғасуда – ол Мұқанов көшесінен Үштөбе бағытына шығатын автожолға дейін созылады. Бұл нысанды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Қарағандылықтарға ыңғайлы болу мақсатында ұзындығы шамамен 6 шақырым болатын жаңа магистраль салынып жатыр. Ол Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарын жалғайды.
Жол Мұқанов көшесінен (Тәттімбет көшесінің тұсынан) басталып, Шығыс айналма трассасына дейін жалғасады. Мұнда екі қабатты асфальтбетон жамылғысының 800 метрі төселді. Сонымен қатар тротуарлар, веложолдар мен инженерлік желілер жүргізіліп жатыр.
Сарыарқа көшесінде де жаңа жол құрылысы қолға алынған. Ұзындығы 1,4 шақырымдық учаскеде қазір инженерлік коммуникациялар ауыстырылып, жолдың негізі қалануда.
Тағы бір маңызды жоба – Университет көшесін Гапеев көшесіне дейін жалғастыру. Мұнда нөсер кәріз жүйесі мен инженерлік инфрақұрылым орнатылуда.
Қозғалыс қауіпсіздігі мен тұрғындарға қолайлылықты арттыру мақсатында қалада жаңа жол айрықтары мен бұрылыстар жасалуда. Олар Республика даңғылы мен Әшімов көшесінде салынды. Ал Лободы көшесінде қозғалыс бөлігі кеңейтіліп, Потанин атындағы мектеп маңында автотұрақтар салынды. Ұқсас автотұрақтар Нұрмақов атындағы мектеп пен Шәкәрім гимназиясының жанында да пайда болды.
Теміртау қаласы
Теміртауда биыл жалпы ұзындығы 18,5 шақырым болатын 18 көше жөнделді.
Жөндеу жұмыстары Құрылысшылар, Республика және Бейбітшілік даңғылдарында, сондай-ақ Абай, Батыс, Солтүстік және Ташенов көшелерінде жүргізілді.
Металлургтер даңғылындағы күрделі жөндеу жалғасуда.
Балқаш қаласы
Балқашта биыл шамамен 16 шақырым қалалық жол жаңартылуда. Жұмыстар Желтоқсан, Спицын, Уәлиханов, Қадыржанов және басқа да көшелерде жүргізілуде.
Мұнда екі қабатты асфальт төселіп, тротуарлар мен жарық шамдары орнатылуда. Бұл жақсы жағдайда тұрған жолдардың үлесін 18 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Балқаш әуежайының реконструкциясы жалғасуда. Нысан ғимаратында негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Қазір аумақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр – асфальттың алғашқы қабаты төселіп, шамдар мен автотұрақтар орнатылуда. Жоба аяқталғаннан кейін әуежай халықаралық стандарттарға сай болып, өткізу қабілеті 30 пайызға өседі – сағатына 80 жолаушыны қабылдай алады.