BANNER

Қарағандыда IT саласындағы алғашқы ауқымды форум өтеді

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандыда ауқымды іс-шара – Terricon Connect форумы өткізілмек. Іс-шара 31 қазанда Достық үйінде өтеді. Форум фаундерлерді, инвесторларды және еліміздің түкпір-түкпірінен келген IT-мамандарды біріктірмек. Бұл алаңда жаңа идеялар туындайды, серіктестік байланыстар орнатылады және қазақстандық IT саласының болашағы қалыптасады.

Іс-шараның ұйымдастырушысы – Қарағандының стартап-экожүйесі Terricon Valley.

– Инновациялар тек астанада ғана емес, аймақтарда да туатынын көрсету маңызды. Қарағанды бүгінде технологиялық кәсіпкерліктің орталығына айналуда. Жергілікті командалардың әлемдік деңгейдегі шешімдер жасап жатқанын көріп отырмыз. Terricon Connect – өз идеяң мен мүмкіндігіңді көрсетуге арналған алаң, – деді Terricon Valley компаниясының бас директоры Сабыр Ниязов.

Форум бағдарламасында стартаптар көрмесі, 50 команда қатысатын стартап-баттл, сондай-ақ IT, бизнес және венчурлік технологиялар саласының мамандары мен инвесторларымен еркін форматтағы «неконференция» өтеді.

Спикерлер қатарында – Орталық Азиядағы ең ірі венчурлік инвестор Мұрат Абдрахманов, Runville Labs компаниясының негізін қалаушы Данияр Әубәкіров, G5 Entertainment компаниясының персоналды бағалау жөніндегі маманы Евгения Шитова, Grand Games компаниясының бас директоры Роман Линейцев және басқа да сарапшылар бар.

Форум туралы толығырақ ақпарат және қатысуға тіркелу сілтемесі: https://terricon.kz/