Қарқаралы ауданының Аппаз ауылында тұрғындарды көп жыл бойы толғандырған мәселе шешімін тапты. Елді мекенде өзен арқылы қауіпсіз өтуді қамтамасыз ететін аспалы жаяу жүргіншілер көпірі салынды.
Ауыл тұрғындары бұл нысанның салынуын көптен бері күтіп жүрген еді. Себебі Аппаз өзені ауылды екіге бөліп тұрғандықтан, бұрын бір жағынан екінші жағына өту едәуір қиындық туғызатын.
Мәселені шешу мақсатында аудандық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, ұзындығы 83 метр болатын заманауи әрі берік аспалы көпір тұрғызылды.
Жергілікті тұрғындар өз өтініштерінің орындалғанына ризашылықтарын білдіріп, билік өкілдеріне алғыс айтты. Сондай-ақ мердігер ұйымның жұмысына да оң бағасын берді. Көпірдің ашылу рәсіміне ауыл халқы қатысып, жаңа өткелмен алғашқылардың бірі болып жүріп өтті.
Мұндай инфрақұрылымдық жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, ең бастысы – олардың күнделікті қозғалыс қауіпсіздігін және қолайлылығын қамтамасыз етеді.