«Saryarqa Aqparat» медиа холдингіне қарасты LIFE09 ақпарат агенттігінің операторы Нұртөлеу Екібай «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен республикалық байқауда «Еңбек адамының портреті» номинациясы бойынша II орынға ие болды.
Жас оператор түсірген металлург туралы бейнеролик еңбек адамының шынайы бейнесін, кәсібіне деген адалдығы мен құрметін әсерлі жеткізгені үшін қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Байқау Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өтті.
Жарыстың басты мақсаты – еңбек адамының мәртебесін көтеру, жұмысшы мамандықтарды насихаттау және адал еңбектің құндылығын кеңінен көрсету.
«LIFE09» ақпарат агенттігі ұжымы әріптесіміздің жетістігін мақтан тұтады және шығармашылық табыс тілейді.