Бұқар жырау ауданының тамалары Темірғалиевтер отбасы республикалық «Мен және менің тазым» атты фотобайқауда екінші орынды иеленді. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен тазы иелері қатысты.
Республикалық фотобайқау онлайн-форматта өтті. Оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық мұражайы ұйымдастырды. Қатысушыларға бала немесе отбасы мүшелерімен бірге түсірілген тазы тұқымдас иттің бірнеше суретін және иттің тарихы мен отбасыға қалай келгенін баяндайтын қысқаша хат жолдау талап етілді.
– Байқау жайлы інімнен естідік. Біз де қатысқымыз келді. Архивімізде бар суреттерді жібердік. Ұлдарымыз иттерімізді серуенге шығарғанда жиі суретке түсіреді, сол фотоларды байқауға ұсындық, – дейді отбасы отағасы Ерлан Темірғалиев.
Темірғалиевтердің үйінде тазы тұқымдас екі ит бар: екі жасар Найза және бір жасар Дива. Ерлан Темірғалиевтің ұлы Темірлан бала кезінен тазыға қызығып, әкесін туған-туысының қолындағы күшікті алуға көндірген екен.
– Ұлдарым иттердің күтімі мен баптауын өз мойындарына алған. Иттерді тәртіпке үйретуге де өздері жауапты. Олар иттерді аңға үйретіп жүр, жарыстарға да қатысады. Биыл аудандық іріктеуге өте алмадық, бірақ иттеріміз әлі жас. Алдағы уақытта балаларым бұл істі жалғастырып, чемпион тазы тәрбиелегісі келеді, – дейді Ерлан Темірғалиев.
Темірғалиевтер отбасы фотоларын мамыр айында жолдаған. Ал екінші орын алғандары жайлы қуанышты хабарды қыркүйектің басында білген. Ерлан Темірғалиевтің айтуынша, бұл жаңалық олардың еңбегін бағалап қана қоймай, тазы баптауға деген ынтасын арттырған.