BANNER

«Таза Қазақстан»: Қарағанды облысында орман қорын молайту үшін ағаш тұқымдары дайындалуда

gov.kz

Қарағанды облысының орман шаруашылығы қызметкерлері күзде тәлімбақтарда көшет өсіру үшін көп көлемде тұқым жинайды. Бірнеше жылдан кейін олар мықты ағаш болып өсіп, орманда өз орнын алады. «Таза Қазақстан» Ұлттық экологиялық акция аясында көгалдандыру мен орман қорын қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінуде.

Тұқымдар мемлекеттік орман қоры аумағында жиналады. Қызыл долана, боз жиде (жіңішкежапырақты), шағанжапырақты үйеңкі сияқты түрлер дайындалады.

– Биыл шамамен 1500 келі тұқым жинау жоспарланған. Оның басым бөлігі орындалды, – дейді Қарағанды облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау басқармасының орманды қайта қалпына келтіру және орман өсіру инженері Эдуард Крюков. – Кейін бұл тұқымдар Новодолинск орман тәлімбағына жеткізіліп, болашақ орман алқаптарының негізіне айналады.

Новодолинск тәлімбағы өңірдегі ең ірілердің бірі саналады. Оның аумағы 81 гектарды құрайды, соның ішінде 25 гектары – суармалы жер. Мұнда жыл сайын 1,3 миллионға дейін көшет өсіріледі. Негізгі түрлері – шегіршін, үйеңкі, қарағай. Биыл алғаш рет қайың, итмұрын және долана егілді.

— Орман алқаптарының көлемін арттыру – Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі. Сол үшін біз өзіміздің жергілікті жағдайға жақсы бейімделетін отырғызу материалын қалыптастырып жатырмыз, — деп түсіндірді Эдуард Крюков. — Болашақта шетен, бөріжидек және қарақат есебінен түрлерді көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Тәлімбақтың инфрақұрылымы да дамып келеді: жаңа әкімшілік ғимарат, техникаға арналған ангар салынды, тракторлар мен су бүріккіш қондырғылар сатып алынды.

Өткен жылы тұқымды кептіруге арналған жаңа жабдық алынған, соның арқасында бір тонна бүрден 10 келіге дейін сапалы тұқым алынады. Бұдан бөлек, болашақ егістік үшін тағы 40 гектар жер қосылды.

Орманшылардың айтуынша, ағашты үй жағдайында да өсіруге болады, тек ережелерді сақтау қажет. Тұқым алдымен жеміс қабығынан тазартылады, кептіріледі, өңделеді, содан кейін ғана себіледі — түріне қарай күзде немесе көктемде.