2025 жылғы 25 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қарағанды облысында қосымша білім берудің бірыңғай мемлекеттік тапсырысын пилоттық режимде енгізу тақырыбында брифинг өтті.
Іс-шараға облыстың білім, мәдениет, дене шынықтыру және спорт басқармаларының өкілдері, сондай-ақ цифрлық платформаны әзірлеуші “Қазақтелеком” АҚ, “Өрлеу” инновациялық технологиялар орталығы” ЖШС және “Облыстық мәдени-демалыс және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығы” КМК мамандары қатысты. Жоба 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап облыстың барлық қала және аудандарында іске қосылады. Қарағанды облысы – пилоттық жобаны толық аймақ көлемінде бірінші болып енгізіп отырған өңір. Ол балалардың қосымша білім алуын ваучерлік жүйе арқылы қаржыландыруға негізделген. Жоба ҚР Білім министрлігінің №125, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің №251/НҚ, ҚР Туризм және спорт министрлігінің №75, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің №266/НҚ бірлескен бұйрықтары және Қарағанды облысы әкімінің қаулысы негізінде жүзеге асырылады. Жобаның негізгі мақсаты – бюджет қаражатын әділ бөлу, қайталанатын және жалған шығындарды болдырмау, сондай-ақ әр балаға тең мүмкіндік беру. “Бір бала – бір ваучер” қағидаты енгізіліп, әрбір балаға тегін үйірме немесе секцияға қатысу үшін бір ғана ваучер беріледі. Бұл бұрын қамтылмаған мыңдаған балаға қосымша білім алуға жол ашады. Ваучерлер Oqu цифрлық платформасы арқылы 12 әлеуметтік санат бойынша үлестіріледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан бүлдіршіндерге басымдық беріледі. Қосымша білім беру ұйымдары міндетті түрде аккредитациядан өтеді, санитарлық-техникалық талаптарға сәйкестігі мен педагогтардың біліктілігі тексеріледі. Қаржыландыру нақты көрсетілген қызметтер мен балалардың сабаққа қатысуы нәтижесінде ғана жүзеге асырылады. Ата-аналар Oqu платформасында тіркеліп, 1414 нөмірінен келетін SMS арқылы жеке деректерді өңдеуге келісімін растағаннан кейін ваучер алып, аккредиттелген қызмет көрсетушілер тізімінен қажетті ұйымды таңдай алады. Бұл процесс толықтай цифрлық форматта жүргізіледі және қағазбастылықты қажет етпейді. Қосымша ақпарат, бейнематериалдар және нұсқаулықтар облыс әкімдігінің және тиісті басқармалардың ресми сайттарында жарияланады.
Жамал АКПАРОВА