Өскемендік блогер Антон Князев төрт жылға сотталды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, өзін құқық қорғаушы ретінде таныстырған Князевтің атына 2021 жылдың шілдесінен 2024 жылдың мамырына дейінгі аралықта алты зардап шегушіден төрт бопсалау фактісі бойынша арыз түскен. Блогер олар туралы жағымсыз ақпаратты таратып жіберемін деп қорқытып бопсалаған.
Бірінші оқиға 2021 жылдың шілдесінде болған, ол әлеуметтік желіден отбасының жанжалы туралы видеоны өшіру үшін ерлі-зайыптылардан 21 000 теңге талап еткен. Ақшаны алған соң, видеоны шынымен де өшірген.
Ал 2023 жылдың мамырында тағы зардап шегушінің көлік басқару құқығы жоқ екенін біліп, полиция шақыратынын, осы туралы видео түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктейтінін айтып қорқытқан. Осы үшін ол 140 000 теңге сұраған.
2024 жылдың сәуірінде өзін құқық қорғаушы деп атайтын блогер Instagram желісінде бір мектепке генераторлар асыра қымбат бағаға сатып алынғаны туралы видео жариялап, құқық қорғау органдарынан осы істі тексеруді талап еткен. Видеоны жою үшін ол зардап шегушіден 700 000 теңге талап еткен.
Соңғы эпизод 2024 жылдың 27 мамырында болды: сол күні полиция қызметкерлері блогердің бұрынғы әйеліне жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін хаттама толтырған. Осыдан соң Князев полиция қызметкерлерін қудалап, оларды телефонына олардың құқық бұзушылықтар бар дегенге ұқсатып видео түсрііп, бұл видеоларды әлеуметтік желілерде жариялаған. Видеоны өшіру үшін қызметкерлерден бұрынғы әйелінің айыппұл төлеп, оған гүл шоғын сыйлауды және кешірім сұрауды талап еткен.
Полиция қызметкерлері блогердің қысымынан құтылу үшін оның талаптарын орындаған.
Сотта Князев кінәсін мойындамады, өзін ақтауды немесе бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды өтінді.
Алайда сот оны кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, ол үш жәбірленушіге моральдық залал үшін өтемақы төлеуге міндеттелді.