Ақмола облысы Аршалы ауданының тұрғыны зейнеткердің үйінен 200 долларын (105 074 теңге) жымқырған, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға шілде айында Ақмола облысының Аршалы ауданында болған. Полицияға 1953 жылы туған жергілікті тұрғын жүгініп, жеке жинаған қаржысы 200 доллардың жоғалып кеткенін хабарлаған. Зейнеткердің айтуынша, ақшаны үйінде, қолжетімді жерде сақтаған.
Тексеру барысында полицейлер оның үйіне бөтен адамдардың кірмегенін анықтады. Тек бір адам үй шаруасына көмектесетін әлеуметтік қызметкер келген.
Оперативтік іздестіру кезінде күдіктінің жеке тұлғасы анықталды. Ол осы елдімекенде тұратын 32 жастағы әйел болып шықты. Әйел қылмысын мойындады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер азаматтарды үйге бөгде адамдарды кіргізгенде абай болып, жеке заттар мен ақшаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады.
Еске салайық, бұған дейін талдықорғандық блогер Айдос Кертаев зейнеткерге көмектеспек болып түсірген видеосы арқылы Айнұр есімді әйелдің күмәнді әрекетін жариялаған. Әйел зейнеткердің атынан жасырын түрде несие рәсімдеп, халықтан жиналған қаражатты иемденді деген күдікке ілінген. Алайда Айнұрдың шағымынан кейін блогердің өзіне “жалған ақпарат таратты” деген айып тағылып, сот 117 960 теңге айыппұл салды. Кертаев бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Сонымен қатар Айнұрға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы “Алаяқтық” бойынша іс қозғалып, 18 шілдеде сот өтетіні белгілі болды. Полиция бұл іске байланысты басқа да шағымдардың барын растады.